Шымкент қаласында жылыту маусымының ресми түрде басталуына байланысты қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кеңейтілген баспасөз брифингін өткізді. Іс-шара барысында құтқарушылар мен сала мамандары жылыту кезеңінде және суға шомылу маусымында орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары туралы кеңінен мәлімет берді.
Мамандардың айтуынша, қыс айларында тұрмыстық жағдайдағы жазатайым оқиғалардың негізгі бөлігі қауіпсіздік талаптарын елемеуден туындайды. Мәселен, өткен жылы газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан төрт төтенше жағдай тіркеліп, өкінішке қарай, олардың екеуі адам өлімімен аяқталған.
– Газ қондырғыларын орнатуда ең басты ереже – оларды жуынатын бөлмелерге орналастырмау. Себебі мұндай бөлмелерде ылғалдылық деңгейі жоғары, ал бұл жағдайда газдың кері қайтып, бөлмеге тарау қаупі артады. Статистикаға сүйенсек, газдан улану немесе өрт шығу жағдайларының 80 пайызы дәл осы себептен туындайды, – деді Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-қимылдайтын мобильді батальоны бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Рауан Ордабек.
Оның айтуынша, қазіргі таңда департамент қызметкерлері жылыту маусымында пештердің техникалық жағдайын, газ құрылғыларының дұрыс орнатылғанын және олардың қауіпсіз пайдалану шарттарын бақылау мақсатында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әрбір тұрғын үй секторында рейдтік тексерістер ұйымдастырылып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелері түсіндірілуде.
Сонымен қатар, жылы климаты бар Шымкент қаласында суға шомылу маусымы ұзаққа созылатындықтан, жаз мезгіліндегі қауіпсіздік шаралары да ерекше назарда. Су айдындары мен демалыс орындарында құтқарушылар мен полиция қызметкерлері бірлесіп профилактикалық жұмыстар атқаруда.
– Әрбір шомылу аймағында тұрғындармен үгіт-насихат жүргізіліп, демалыс және мереке күндері бақылау күшейтілді. Бұған қоса, қала тұрғындарына қауіпсіздік ережелері жөнінде тұрақты түрде СМС-хабарламалар таратылып отыр, – деді ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының маманы, азаматтық қорғау капитаны Асқар Шәріп.
Департамент мамандарының айтуынша, қауіпсіздік жұмыстары тек алдын алу шараларымен шектелмейді. Әлеуметтік жауапкершілік аясында аудан әкімдіктерімен және жеке сектор өкілдерімен бірлесе отырып, әлеуметтік осал отбасылардағы балалардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалуда. Осы мақсатта бассейн иелерімен 11 меморандум жасалып, 1400-ден астам бала тегін суға шомылуға мүмкіндік алған. Жедел-құтқару жасағының мамандары оларға судағы қауіпсіздік қағидаларын түсіндіріп, оқу-жаттығу сабақтарын өткізген.
Қыс пен жаз маусымындағы қауіп-қатер түрі әртүрлі болғанымен, Төтенше жағдайлар департаментінің басты мақсаты бір – адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау. Осы орайда департамент өкілдері тұрғындарға жылыту кезеңінде газ және пеш жабдықтарын дұрыс пайдалану, ал жазда су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді.
#РСКШЫМКЕНТ #ТЖД #ҚАУІПСІЗДІК2025 #ЖЫЛЫТУМАУСЫМЫ #СУҚАУІПСІЗДІГІ




