Шымкент қаласында қысқы маусымға дайындық жұмыстары толық қарқынмен жүргізілуде. Қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, қала аумағында жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 магистралды көшелер бар. Аталған көшелердің санитарлық және механикалық тазалау жұмыстарын қаланың бес мемлекеттік-жекешелік әріптес ұйымы жауапкершілікпен атқаратын болады. Бұл туралы Kemelnews ақпарат агенттігі Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Ағымдағы жылы қысқы маусымға дайындық аясында 243 арнайы техника толық дайындалып, барлық қажетті техникалық тексеруден өтті. Сонымен қатар, орталық көшелердің тазалығын қамтамасыз етуге күн сайын шамамен 2000-ға жуық коммуналдық және техникалық қызметкерлер жұмылдырылатын болады. Бұл жұмыстар қаладағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік қозғалысының үздіксіздігін сақтау және қала инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған.
Аудандық деңгейде де дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде:
Абай ауданы бойынша қар тазалау жұмыстары 8 бағытта ұйымдастырылып, 80 магистралды көшенің тазалығын қамтамасыз ету үшін 37 арнайы техника жұмылдырылды.
Әл-Фараби ауданында 5 бағытта жұмыс ұйымдастырылып, 109 көшенің тазалығына 42 арнайы техника қатысады.
Еңбекші ауданында 83 көшеге арналған 5 бағыт бойынша 49 арнайы техника дайын тұр.
Қаратау ауданында 83 магистралды көшенің қар тазалау жұмыстарына 53 техника бөлінген.
Тұран ауданында 6 бағытта ұйымдастырылған жұмыстар аясында 111 көшеге 62 техника жұмылдырылмақ.
Қыс мезгілінде көшелерде мұз қатудың алдын алу мақсатында арнайы мұзға қарсы реагенттер мен инертті материалдар қоры жасақталған. Оған 25 мың м³ құм және 15 мың тонна тұз кіреді. Бұл материалдар барлық аудан әкімдіктеріне теңдей бөлініп, қажет болған жағдайда кез келген көшеге жеткізілуге дайын тұр.
Сонымен қатар, қарды уақытылы шығару және жолдарды қауіпсіз сақтау мақсатында аудан әкімдіктерімен бірлесіп арнайы бос жер учаскелері қар төгу орындары ретінде белгіленді. Бұл шаралар қар тазалау жұмыстарының тиімділігін арттырып, қаладағы жол қозғалысы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарты аясында барлық қажетті техника мен кадрлық ресурстар толық қамтамасыз етілген. Шымкент қаласының коммуналдық қызметтері қысқы маусымдағы кез келген қолайсыз ауа райына дайын, ал қызметкерлер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады.
Қала әкімдігі тұрғындарға жолдардың тазалығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды уақытылы қолға алғанын және кез келген төтенше жағдайларға дайын екенін хабарлайды. Сонымен қатар, тұрғындардан қар тазалау жұмыстарына кедергі келтірмеуді, көше бойындағы жеке меншік аумақтар мен жол бойында автокөліктерді дұрыс қою арқылы қызметкерлердің жұмысына қолдау көрсетуді сұрайды.
Толығырақ ақпаратты мына сілтеме бойынша көруге болады:




