Астанада өтіп жатқан жаһандық маңызы бар инвестициялық форум – Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2025) биылғы жылы ерекше ауқыммен ұйымдастырылды. «Трансформация дәуіріндегі жаңа шешімдер: Қазақстан – тұрақты экономикалық дамудың орталығы» тақырыбымен өткен жиында әлемдік экономикалық өзгерістер жағдайында инвестициялық саясатты жетілдіру, жаңа технологияларды тарту және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолдары талқыланды.
Форум жұмысына әлемнің 40-тан астам елінен 700-ге жуық қатысушы келді. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды өкілдері, ірі трансұлттық корпорациялардың жетекшілері, беделді сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, бизнес-қоғамдастықтар мен қаржы институттарының басшылары бар. KGIR алаңы бүгінде Қазақстанды өңірлік экономикалық және инвестициялық хаб ретінде танытудың тиімді құралына айналып отыр.
Форум барысында жаһандық нарықтың қазіргі тенденциялары, халықаралық капитал ағындары мен жаңа экономикалық бағыттарға бейімделудің жолдары талқыланды. Сарапшылар инфрақұрылымдық даму, жасыл экономика, цифрлық трансформация және энергия тиімділігін арттыру салаларында Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.
Форум шеңберінде өткен арнайы дөңгелек үстел отырысында Шымкент қаласына қатысты маңызды келісімдер жасалды. Нәтижесінде жалпы құны 449,4 миллиард теңгені құрайтын бес ірі инвестициялық жоба бойынша келісімдерге қол қойылды. Бұл жобалар қаланың өнеркәсіптік және энергетикалық әлеуетін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнестің дамуына зор серпін бермек.
Атап айтқанда:
-
Ауыл шаруашылығы министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және «FabeAgro» ЖШС арасында заманауи жылыжай кешенін салу жөнінде үшжақты келісім жасалды. Бұл жоба өңірдің агроөнеркәсіптік секторын дамытуға бағытталған және 68 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартуды көздейді. Нысан іске қосылғаннан кейін қалада жоғары сапалы көкөніс өнімдері жыл бойы өндіріліп, ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосады.
-
Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және «Shaanxi Construction Kazakhstan Co., Ltd» ЖШС компаниясы арасында тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын өндіру жобасы бойынша келісімге қол қойылды. 55 миллиард теңге тұратын бұл жоба экологиялық тұрғыдан маңызды болып саналады. Ол қалдықтарды кәдеге жарату арқылы қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аталған бастамалар Шымкент қаласын инвестиция тарту және инновациялық өндіріс орталығына айналдыруға бағытталған. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларының шеңберінде жүзеге асырылатын бұл жобалар аймақтың экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға да ықпал етеді.




