Шымкент қаласында тұрғындар пікірін тікелей жинауға бағытталған жаңа цифрлық жоба іске қосылды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен қолға алынған «Шымкентті дамытуға азаматтардың үлесі» жобасы шаһар тұрғындарына өз идеялары мен ұсыныстарын еркін, қолжетімді форматта жолдауға мүмкіндік береді. Бұл бастама қоғамдық белсенділікті арттырып қана қоймай, қала басқару ісіне азаматтардың қатысу деңгейін күшейтуді мақсат етеді.
Әкімнің тұрғындармен тұрақты кездесулері мен қаланы аралау барысында инфрақұрылым, қоғамдық кеңістіктер, жол-көлік мәселелері және әлеуметтік салаға байланысты сан түрлі ұсыныстар түсіп келеді. Бұрын мұндай ұсыныстар кездесу аясында ғана қабылданса, енді олар арнайы цифрлық жүйе арқылы үздіксіз тіркелетін болады. Осылайша, қаладағы проблемалар мен бастамаларды жинау процесі біріздендіріліп, тиімділігі артады.
Жоба аясында жақын күндері қаланың саябақтарында, әлеуметтік нысандарда, мемлекеттік мекемелерде, автобустардың ішінде және аялдамаларда QR-кодтар орнатылады. Тұрғындар аталған QR-кодты смартфон арқылы сканерлеп, қала дамуына қатысты кез келген ұсынысын онлайн түрде жолдай алады. Бұл — қарапайым, жылдам әрі қолжетімді кері байланыс тетігі. Әрбір азаматтың пікірі назарға алынатыны, ұсыныс беру үшін ешқандай қосымша тіркеу не күрделі рәсімдердің қажет еместігі жобаның артықшылығы болып табылады.
Қала әкімі Ғабит Абдимажитовичтің айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты — әр шымкенттікке қала болашағына үлес қосу мүмкіндігін кеңейту. Әкімдікке түскен барлық ұсыныстар жүйелі түрде сараланып, ең өзекті және тиімді бастамалар бойынша нақты шешімдер қабылданады. Бұл, өз кезегінде, қоғам мен жергілікті атқарушы орган арасындағы сенімді арттырып, өзара диалогты жаңа деңгейге көтереді.
Жоба ашық басқару принципін күшейтіп, тұрғындардың қала өмірін жақсартуға тікелей қатысуына жол ашады. Цифрлық кері байланыс жүйесі мәселелерге дер кезінде назар аударуға, халық сұранысына жедел жауап беруге және қаланың дамуын қоғаммен бірге жоспарлауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, шымкенттіктердің белсенділігі артып, ортақ жауапкершілік күшейеді, ал шаһардың дамуы тұрғындардың нақты пікірлері мен ұсыныстары негізінде жүзеге асатын болады.




