25 қазан – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мерекесі – Республика күніне орай Ордабасы ауданында «Қыран елім – Қазақстаным!» атты салтанатты іс-шара өтті. Бұл мерекелік шара өңірдің мәдени, әлеуметтік және патриоттық өмірінде маңызды оқиға болып саналады. Аудан тұрғындары мен қонақтары үшін ұйымдастырылған бұл күн — тәуелсіздіктің айрықша маңызын көрсетуге, ел бірлігін дәріптеуге арналған дәстүрлі шаралардың бірі.
Мерекелік іс-шара Samұрық аллеясында бастау алып, аудандық оқушылар үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын тарту етті. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының суретшілер көрмесі мен флешмобы ерекше назар аударды. Аудандық кітапханашылар дайындаған көрме де қонақтар назарына ұсынылып, тарихи жәдігерлер мен әдеби шығармашылық туындылар арқылы жастарға патриоттық тәрбие берілді.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, мерекелік көңіл-күйге бастама берді. Сонымен қатар қатысушылар патриоттық әндер тыңдап, еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігіне құрмет көрсетті. Мерекелік жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, басқарма басшылары мен ауданның құрметті азаматтары қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі Азат Оралбаев жұртшылықты ұлттық мерекемен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табыстады. Ол өз сөзінде Республика күні – халқымыздың мемлекет болып қалыптасу жолындағы тарихи белес екенін атап өтті:
— «1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы Декларация ел тәуелсіздігінің бастауы болды. Бүгінде Қазақстан әлемге бейбіт, біртұтас және дамушы мемлекет ретінде танылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауданымызда экономикалық және әлеуметтік өрлеуге бағытталған нақты істер жүзеге асуда. Біз әр қадамымызды тәуелсіздік рухына сәйкес жоспарлап, ел игілігі үшін атқара отырып, Ордабасы ауданының дамуына үлес қосып келеміз», — деді аудан әкімі.
Өңір басшысы өз сөзінде ауданның негізгі даму көрсеткіштеріне де тоқталды:
Халық саны – 133 мың адам (тәуелсіздік жылдарында 77 мыңнан артқан);
Аудан бюджеті – 20 млрд теңге (1990 жылы 171 млн теңге болған);
11,2 млрд теңге инвестиция тартылып, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 77 млрд теңгеге жеткен;
7 283 гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізіліп, ауылшаруашылық техникасы 60 пайызға жаңартылған;
Мереке қарсаңында 3 ауыл ауыз сумен қамтылып, аудан бойынша ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жеткен;
Табиғи газбен қамту – 77 пайыз;
Аудандық білім және спорт нысандары: 78 мектеп, 61 балабақша, 181 спорт нысаны халық игілігіне қызмет етуде.
Аудан әкімі бұл жетістіктердің — бірлік пен еңбек нәтижесі екенін атап, барлық тұрғындарға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі:
— «Бұл жетістіктер — бірлік пен еңбектің жемісі, тәуелсіздіктің тартуы. Баршаңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін! Республика күні құтты болсын!» — деп сөзін түйіндеді.
Салтанатты шара аудандық өнерпаздардың мерекелік концертімен жалғасын тапты. Мың бұралған бишілер мен әншілердің өнері көрермендерге ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, көрермендер үшін аудандық кітапханалардың ұйымдастыруымен тарихи жәдігерлер мен патриоттық тақырыптағы көрмелер көрсетіліп, тәуелсіздік тарихына байланысты танымдық материалдар ұсынылды.
Мерекелік іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдени өмірінің өркендеуі, ауыл шаруашылығы мен білім саласындағы жетістіктері туралы сөз қозғады. Бұл іс-шара тек мереке ғана емес, аудан тұрғындары мен қоғам қайраткерлерінің бірлігі мен ынтымағын, мемлекеттік саясатты қолдауға деген патриоттық сезімін көрсетті.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі




