Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте қала әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігіне жүргізілген кешенді мониторинг нәтижелерін таныстырды. Брифинг барысында әлеуметтік көмек көрсету бағытында қолға алынған шаралардың тиімділігі, анықталған кемшіліктер және олардың алдын алу жолдары жан-жақты тарқатылды.
Абайұлының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша Мансап орталығы мен жергілікті атқарушы органдардың функциялары нақты айқындалған. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, Мансап орталығы өтініш берген әрбір азаматпен жеке жоспар әзірлеп, арнайы әлеуметтік келісімшарт жасайды. Бұл келісімшарт азаматты жұмыспен қамтуға, әлеуметтік бейімдеуге және қажет құжаттарын рәсімдеуге бағытталған бірқатар міндеттемелерді қамтиды. Мамандар өтініш берушімен тұрақты байланыста болып, кеңес беру, жұмысқа орналастыруға көмек көрсету, қажетті оңалту шараларын ұйымдастыру сияқты бағыттарда үздіксіз қолдау көрсетеді. Жеке жоспардың орындалуын бақылау мақсатында ай сайын мониторинг жүргізілетіні де брифингте атап өтілді.
Сонымен қатар Еңбек мобильдігі орталығының ассистенттері мен учаскелік комиссия мүшелері атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген азаматтардың өмір сүру жағдайын зерттеуге белсене қатысады. Ал Еңбек ресурстарын мониторингілеу бөлімінің мамандары мұқтаж отбасылардың нақты тұрмыстық ахуалын анықтап, олардың әлеуметтік көмекті заңды негізде алу-алмауын тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Мониторинг барысында айтарлықтай заңбұзушылықтар мен сәйкессіздіктер анықталған. Атап айтқанда, 546 жеке кәсіпкерден 1208 азаматтың 85 000 теңге жалақымен жұмыс істейтіні туралы бұйрық көшірмелері тапсырылған. Алайда Мемлекеттік кірістер департаменті жүргізген салыстырмалы талдау нәтижесінде, көрсетілген ақпараттың шынайы еместігі дәлелденді. Мәселен, 314 жеке кәсіпкердің атында тіркелген 545 азаматтың ешбірінде нақты еңбек қатынастары болмағаны белгілі болды.
Сонымен қатар мониторинг тобы 13 жұмыс берушіні тексеру кезінде 34 адамның көрсетілген мекенжайда жұмыс істемейтінін анықтады. Бұл фактілер атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу әрекеттерінің әлі де орын алып отырғанын көрсетті. Осыған байланысты жалған мәлімет берген отбасыларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тарту туралы шешімдер әзірленуде.
Жүргізілген мониторинг әлеуметтік қолдаудың әділ және ашық тағайындалуы үшін бақылау тетіктерін одан әрі күшейтудің маңызды екенін айқын көрсетті. Қала басшылығы әлеуметтік төлемдерді заңсыз алған фактілердің жолын кесіп, шынайы мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуді басты мақсат ретінде атап өтті.




