Желтоқсан айында Шымкент қаласында тұрғындар мен қала қонақтары үшін мазмұнды және тартымды мәдени шаралар ұйымдастырылады. Қала әкімдігі мен мәдениет саласы қызметкерлерінің бірлескен ұйымдастыруымен өтетін бұл іс-шаралар тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік атмосфераны қамтамасыз етуді мақсат етеді.
6 желтоқсан күні сағат 11:00-де Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында оқушылар арасындағы «Мен елімді жырлаймын» республикалық айтысы өтеді. Оған еліміздің әр өңірінен келген жас ақындар қатысып, өз өнерін көпшілікке паш етеді. Айтыс тек шығармашылық қабілеттерді шыңдап қана қоймай, жастардың ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеуге деген қызығушылығын арттырады. Әр қатысушы өз ақыл-парасатын, ой-пікірін, шеберлігін көрсетіп, байқауға келген көрермендерге терең әсер қалдырады.
9–10 желтоқсан күндері «Қызғалдақ» сарайында «Шымкент сазы» атты республикалық эстрадалық ән байқауы ұйымдастырылады. Байқауда елдің түкпір-түкпірінен іріктелген жас орындаушылар өздерінің вокалдық және сахналық шеберліктерін көрсетеді. Олар оңтүстік композиторларының шығармаларын, сондай-ақ еркін тақырыптағы эстрадалық әндерді орындай отырып, өнер сүйер қауымға ерекше әсер сыйлайды. Бұл байқау жас таланттарға өздерін танытуға мүмкіндік береді, шығармашылық дамуға ынталандырады және ұлттық музыкалық дәстүрді насихаттауға үлес қосады.
Жаңа жылдық мерекелік шаралар 21 желтоқсанда «Астана» алаңында өткізілетін шырша шамын жағу рәсімімен басталады. Бұл іс-шара қала тұрғындарын мерекелік көңіл-күйге бөледі және жаңа жылды қарсы алуға дайындық атмосферасын қалыптастырады. Ал 31 желтоқсан күні сол алаңда жергілікті өнерпаздар мен танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен жаңа жылға арналған гала-концерт өтеді. Кештің соңында салтанатты мерекелік отшашу ұйымдастырылып, қала аспаны жарқын, әсерлі жарыққа толы болады.
Қалада өтетін бұл мәдени шаралар тұрғындардың көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, мәдени өмірдің жандануына, жастардың өнерге деген қызығушылығының артуына және қаланың жалпы мәдени әлеуетінің нығаюына серпін береді. Сонымен қатар, бұл іс-шаралар Шымкенттің мерекелік дәстүрін дәріптеп, тұрғындарды бірлікке, шығармашылыққа және өз мәдени мұрасына құрметпен қарауға тәрбиелейді.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек, мәлімдеді.
Толығырақ ақпаратты мына сілтеме арқылы көруге болады: https://www.youtube.com/live/IFG7_kEq8io?si=Cf2P7LizfkcP36ze
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




