Шымкент қаласында жылқы етінің тұрақты бағасын сақтау және тұрғындарға қолжетімді ету бағытында бірқатар маңызды шаралар жүргізілуде. Қалаға жеткізілетін негізгі ет өнімдері көршілес Түркістан облысынан келеді. Қарабұлақ елді мекеніндегі мал сою алаңдарында жылқы етінің көтерме бағасы қазіргі таңда 3 100–3 200 теңге көлемінде қалыптасқан. Ал қаладағы базарлар мен арнайы ет павильондарында бөлшек саудада жылқы еті 3 400–3 500 теңге аралығында сатылуда.
Бағаның өсуіне бірнеше объективті факторлар әсер етеді. Біріншіден, көршілес мемлекеттерден ет өнімдеріне сұраныстың артуы нәтижесінде сойыс салмағындағы жылқы еті экспортқа шығарылуда, бұл қалалық нарыққа түскен өнім көлемін азайтып, бағаның өсуіне ықпал етеді. Екіншіден, жем-шөптің құнының айтарлықтай қымбаттауы жылқы етінің өзіндік құнына әсер етіп, нарықтағы бағаның өсуіне себепкер болып отыр.
Тұрғындарды қолжетімді бағамен ет өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі қала аумағында 6 тұрақты орынға аптасына бір рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруда. Жәрмеңкелерге қатысатын ет өндіруші шаруа қожалықтары өз өнімдерін тікелей ұсына алады, бұл тұтынушыларға делдалсыз сатып алу мүмкіндігін беріп, жылқы етінің орташа бағасын 3 400 теңге деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік туғызады. Осы шара арқылы қала тұрғындары сапалы және таза ет өнімдерін нарықтық бағадан төмен деңгейде алу мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетерлігі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тек сиыр етінің сүйекті жауырын-төс бөлігі ғана енгізілген. Дегенмен, бағаны тұрақтандыру мақсатында Шымкент қаласындағы ірі сауда желілері мен ет өндіруші шаруашылықтар арасында келісімшарттар жасалған. Бұл шаралар қала тұрғындарына әлеуметтік сауда нүктелерінен сапалы сиыр етін нарықтағы бағадан төмен деңгейде сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, әкімдік ет нарығындағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, қажетті жағдай туындаған кезде қосымша шаралар қабылдауда. Бағаны тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралар – бұл тек қана халықты қолжетімді өніммен қамтамасыз ету емес, сонымен қатар нарықтағы бағаның негізсіз өсуін болдырмау, әлеуметтік осал топтардың жағдайын қорғау және қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған кешенді шаралар.
Қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге жылқы етінің тұрақты бағасын сақтау – баршаға ортақ жауапкершілік екенін ескертеміз. Барлық азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілердің бұл бағыттағы ынтымақтастығы қалада азық-түлік нарығын тұрақтандыруға, сапалы және қолжетімді ет өнімдерін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Толығырақ ақпаратты мына сілтеме арқылы көруге болады: https://www.youtube.com/live/IFG7_kEq8io?si=Cf2P7LizfkcP36ze
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




