Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту, тұрғындар үшін қолайлы және таза ортаны қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте жан-жақты қаралды. Мәжіліске облыстың барлық аудан-қала әкімдері, жауапты басқарма басшылары қатысып, атқарылып жатқан шаралардың нәтижелері мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өз баяндамасында өткен аптаның өзінде өңірде 114 тазалық іс-шарасы өткізілгенін, оған 32 945 тұрғын қатысып, жалпы 171 тонна қоқыс шығарылғанын жеткізді. Сонымен қатар, бағдарламаның орындалу барысы тұрақты бақылауда, ал қоқыс жинау, ағаш отырғызу және санитарлық талаптарды сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Нұралхан Көшеров мәжілісте аталған жұмыстардың тек көктем мен жаз мезгілінде емес, жылдың барлық төрт мезгілінде жүйелі түрде жалғасуы керектігін атап өтті. «Әлі де тазалық бойынша мәселелер бар, оны аудан және қала әкімдері іссапар барысында көріп жүр. Жұмысты жүйелей түсу қажет», – деп баса айтты. Сонымен қатар, облыс басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан-қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.
Экологиялық іс-шаралардың ішінде Сарыағаш ауданында өткізілген кең көлемді акция ерекше назарға ие болды. Аталған шараға 3 000-ға жуық тұрғын мен мекеме қызметкерлері қатысты. Бір күн ішінде 11 000 түп ағаш отырғызылып, 18 тонна қоқыс жинақталған. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды. Бүгінгі күнге дейін аймақта 101 билборд орнатылып, 609 бейнеролик әзірленген.
Халықтың экологиялық хабарламаларын қабылдау және мониторинг жүргізу үшін арнайы цифрлық платформа – «TazaQazBot» жүйесі енгізілген. Бүгінгі күнге дейін жүйеге 3 423 өтінім түскен, оның 3 420-сы орындалған. Облыс әкімдігі мен аудан-қала әкімдіктері платформаны тұрғындар арасында кеңінен насихаттауды тапсырды.
Қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты шаралар да жүйелі жүргізілуде. Жыл басынан бері 27 137 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 554,1 млн теңге айыппұл салынған. Оның ішінде 317,9 млн теңгесі өндірілген. Ауыл округі әкімдері де өз құзыреті аясында белсенді жұмыс жүргізіп, 505-бап бойынша 4 745 хаттама рәсімдеп, 41,9 млн теңге айыппұл салған. Өндірілген қаржы көлемі 21,3 млн теңгені құрады.
Облыстағы «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрғындардың қатысуымен және мемлекеттік органдардың үйлестіруімен жүргізіліп, экологиялық мәдениетті арттыруға, қоқыс проблемасын азайтуға және жасыл аймақтарды көбейтуге бағытталған кешенді шара болып отыр. Бағдарламаның маңызды ерекшелігі – оның жыл бойы тұрақты жүзеге асуы, яғни тек бір мезгілде емес, әрбір кезеңде тиімділік пен жүйелілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Экологиялық іс-шаралар арқылы тұрғындар арасындағы жауапкершілік пен қоғамдық белсенділікті арттыру, қала мен ауылды таза ұстауға қызығушылық тудыру басты мақсат болып отыр. Аудан-қала әкімдіктерінің қатысуымен ұйымдастырылған іс-шаралар аймақтағы экологиялық ахуалды жақсартуға, табиғатты қорғауға және қоршаған ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосады.
Нәтижесінде, Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасын тиімді іске асыру арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау бағытында жүйелі және тұрақты жұмыс жүргізілуде. Бұл бағыттағы әрбір іс-шара – облыстың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және жасыл экономика қағидаттарын ұстануға бағытталған маңызды қадам болып табылады.




