Ордабасы ауданында экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, ресурстарды тиімді пайдалану және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар іске асуда. Соның ішінде ауыз су жүйесін дамыту, жасыл экономика қағидаттарын енгізу, энергия тиімділігін арттыру, газдандыру жұмыстарын ілгерілету және «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын жүзеге асыру ісі ерекше қарқын алды.
Биыл аудан тұрғындары толығымен – 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Өткен жылы 57 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылған болса, 2024 жылы Мәдениет, Ынтымақ және Жұлдыз ауылдарында жүргізілген күрделі құрылыс-монтаждау жұмыстарының нәтижесінде бұл мәселе түбегейлі шешілді. Осы арқылы өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану, халықты таза, қауіпсіз су көзімен қамтамасыз ету және санитарлық жағдайды жақсарту бойынша маңызды қадам жасалды.
Сонымен қатар қолданыстағы су жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында Ақбұлақ, Қайнар, Ұялыжар, Ықыластемір, Теспе, Жамбыл, Бірлік, Бөген, Жеңіс, Қызылжар және Көктөбе ауылдарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар су шығынын азайтып, инфрақұрылымның ұзақ мерзімді әрі энергия тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аудандық бюджет есебінен Төрткүл, Көкарал, Бадам, Шұбар, Бөген және Қарақұм ауылдарының ауыз су жүйелерін қайта құруға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, тиісті мемлекеттік органдарға ұсынылды. Бұл – алдағы жылдары да су инфрақұрылымын дамыту жұмысының тоқтамайтынын көрсетеді.
Экологияны сақтау – Ордабасы ауданының дамуының негізгі бағыттарының бірі. «Жасыл экономика» тұжырымдамасына сай, ауданда табиғи ресурстарды үнемдеу, энергия тұтынуды оңтайландыру, су көздерін қорғау және қалдықтарды азайту бағытында тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Су жүйелерін жаңғырту барысында экологиялық стандарттарға жауап беретін материалдар қолданылады. Бұл экожүйеге түсетін салмақты азайтады әрі климаттық тұрақтылыққа үлес қосады.
Ауданда газдандыру да белсенді дамуда. Газ желілерінің кеңеюі тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсатып қана қоймай, көмір мен қатты отыннан бөлінетін зиянды қалдықтарды азайту арқылы қоршаған ортаның ластануын төмендетеді. Бұл – жасыл трансформация саясатының маңызды бөлігі болып табылады.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ордабасы ауданында санитарлық тазалау, абаттандыру, ағаш отырғызу, өзен-көлдерді тазарту және тұрмыстық қалдықтарды реттеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Әсіресе, су арналары мен табиғи ландшафттарды қалпына келтіру экологиялық туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасап отыр. Соңғы жылдары Ордабасы төңірегіндегі тарихи-мәдени және табиғи нысандарды тамашалауға келетін туристердің саны артып келеді. Бұл ауданның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген жауапкершіліктің маңызды көрсеткіші.
Таза суға толық қолжетімділік, энергия тиімділігіне бағытталған инфрақұрылымдық жаңғырту, жасыл экономика қағидаттарын енгізу және экологиялық жобаларды жүйелі жүргізу – Ордабасы ауданының тұрақты дамуының негізгі бағыттарының бірі. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, экологияны қорғау мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға қызмет ететін болады.




