Түркістан облысында туризм саласы қарқынды дамып, өңірге келетін шетелдік және отандық туристердің саны айтарлықтай көбейіп келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.
Облыс басшысының айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризмді дамытуға қатысты тапсырмалары өңірде жүйелі түрде жүзеге асуда. Президенттің қолдауымен Түркістан қаласының ерекше мәртебеге ие болуы өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық тартымдылығын арттырды.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризм саласын жүйелі дамыту және туристік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Бұл бағыт ел экономикасын әртараптандыруда маңызды рөл атқарады. Түркістанда осы сала бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Туристер саны өсіп, туризм табысы артты
Жыл басынан бері Түркістан облысына 500 мыңнан астам турист келген. Бұл сала бойынша түскен табыс көлемі 6,6 млрд теңгені құрады.
2025 жылдың III тоқсанында орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мыңға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,6 пайызға өскен.
Сонымен қатар табиғи аумақтарға барғандардың саны — 144,6 мың адам, ал өңірдегі тарихи орындарға саяхаттағандар — 959 мың адамды құрады. Бұл деректер Түркістанның экологиялық және тарихи туризм орталығы ретіндегі рөлін күшейтіп отырғанын көрсетеді.
E-qonaq жүйесінің деректері бойынша, 2025 жылдың алғашқы он айында Түркістан облысына шетелден 43,8 мың турист келген. Шетелдік қонақтар негізінен Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия және Франция елдерінен келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам өсіп отыр.
2025 жылдың 10 ай қорытындысымен туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд теңгеге жетті.
Жаңа туристік нысандар мен инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды
Түркістан қаласында туристерге арналған жаңа бағыттар мен қызметтерді ұсыну мақсатында бірқатар ауқымды жобалар іске асырылуда.
Атап айтқанда:
-
«Есу арнасы» каналының құрылысы аяқталып, қала келбетіне заманауи демалыс аймағы қосылды;
-
Қолөнершілер орталығы салынған, мұнда ұлттық бұйымдар, зергерлік өнер және қолөнер дәстүрлері туристерге кеңінен таныстырылады;
-
99 гектар аумақтағы жаңа ипподром жыл соңында пайдалануға беріледі. Бұл нысан халықаралық деңгейдегі ат спорты жарыстарын, мәдени-спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Түркістан – халықаралық туристік орталыққа айналып келеді
Өңірдегі тарихи және табиғи нысандардың сақталуы, туристік инфрақұрылымның дамуы және инвестициялардың артуы Түркістан облысын Орталық Азиядағы маңызды туристік орталықтардың біріне айналдырып отыр.
Алдағы уақытта да облыста осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, жаңа инвестициялық жобалар іске асырылатыны жоспарланған.




