Түркістан облысында ауыл шаруашылығы кластерлерін дамыту бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров баяндады. Оның айтуынша, өңірдің географиялық және климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, мақта, ет және жүгері кластерлері бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған. Бұл кластерлік жүйе ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруден бастап, терең өңдеуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды, сондай-ақ өндірістің тиімділігін арттыруға және еңбек нарығына қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Мақта кластері өңірде ерекше мәнге ие. Су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы элиталық сортты мақта өсіруді және оны терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Бұл кластер мақта өсіруден бастап жіп, мата сияқты дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі өндірістік процесті қамтиды. Биыл пилоттық жобалар аясында Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа технология бойынша мақта егілді. Алғашқы нәтиже өте жоғары өнімділікпен сипатталуда. Мақта кластерінде 5 жоба іске асып, 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылуда, ал инвестициялар көлемі 201 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде. Мақта өнімділігі екі-үш есе өсіп, жылына 229 мың тоннадан астам өнім алынбақ. Сонымен қатар, өңірде 2 мақта өңдеу зауыты іске қосылды, жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталу үстінде.
Жүгері кластері Шардара ауданында дамытылуда. Мұнда «Казкрахмал» зауыты салынып, алдағы уақытта іске қосылады. Жобаның құны – 35 млрд. теңге, 251 жұмыс орны ашылады. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығаруға мүмкіндік бар. Кластерлік жобаның арқасында жүгері алқабы 40 мың гектардан 2030 жылға қарай 70 мың гектарға дейін кеңейтіледі. Бұл бағыт өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, отандық өнімді экспортқа шығару мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Ет кластері аясында 7 жоба іске асырылуда. Бұл бағытқа 50 млрд. теңге инвестиция құйылған, қуаттылығы – 35 мың тонна, 802 жаңа жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынып жатыр. Қазір «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бес қара» ет өңдеу кешендері жұмыс істеп тұр. Бұл кешендер қосымша 35 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Түлкібас ауданында «Қарқын Трейд» компаниясы ет бағыты бойынша ірі құс фабрикасының құрылысын бастады. Жоба құны – 53 млрд. теңге, мұнда жылына 48 мың тонна құс еті өндіріледі.
Кластерлік тәсіл отандық терең қайта өңдеуді дамытуға, шаруалардың өнімін тұрақты нарыққа жеткізуге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл жобалар тек ауыл шаруашылығы саласын дамыту ғана емес, экономиканың әртараптандырылуына және жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді.
Түркістан облысының мақта, ет және жүгері кластерлері ауыл шаруашылығы өндірісін инновациялық технологиялармен қамтамасыз етіп, өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенді жаңа деңгейге көтеріп отыр. Жобаларға тартылған инвестициялар мен іске қосылған өндіріс нысандары өңір экономикасының тұрақты дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға маңызды үлес қосады.
Кластерлік жобалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде:
-
мақта өнімділігі 2-3 есеге өседі;
-
жылына 229 мың тонна мақта алынады;
-
ет өндірісі 35 мың тоннаға артады;
-
құс еті өндірісі жылына 48 мың тоннаға жетеді;
-
жаңа жұмыс орындары 8 мыңнан астам адамға ұсынылады;
-
жалпы инвестициялар 339 млрд. теңгеден асады.
Осылайша, Түркістан облысы ауыл шаруашылығының әрбір бағытында кластерлік жүйені енгізу арқылы өндіріс тиімділігін арттыруда, өнімнің терең өңделуін қамтамасыз етуде және өңір экономикасының экспорттық әлеуетін көтеруде. Кластерлік жобалар өңірдің аграрлық дамуында инновациялық және тұрақты дамудың үлгісі болып отыр.




