Түркістан облысында индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда 152 млрд. теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Жобалар іске асырылған кезде өңірде 6 361 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Қазіргі таңда 39 млрд. теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни, ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыста өндірісті дамыту мақсатында сырттан келетін тауарларға талдау жасалған. Нәтижесінде құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісі негізгі импорттық тауарлар ретінде анықталды. Бұл тауарлардың жалпы импорт көлемі 98 млрд. теңгені құрайды. Түркістан облысы оларды өңірде шығару арқылы экономиканы әртараптандыруға, энергияны тиімді пайдалану мен ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік алады.
– Инвесторларға индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңдар ұсынылды. Нәтижесінде маңызды жобаларды іске асыруға қол жеткіздік. Өңірде зауыттар мен кәсіпорындардың саны артып жатыр. Бұл қадам энергия тиімділігін арттыру, өндіріс процесінде баламалы және экологиялық таза технологияларды енгізу, сондай-ақ жасыл экономика қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік береді, – деді Нұралхан Көшеров.
Оның айтуынша, «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд. теңгеге 28 ірі жоба қолға алынған. Жобалар іске қосылған кезде өңір экономикасына қосымша инвестициялар келіп, жаңа өндірістерге қажетті электр қуаты мен ресурстар тиімді пайдаланылатын болады. Бұл энергия тиімділігін арттыруға және жасыл экономика қағидаттарын индустрияға енгізуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Индустриалды аймақтарда қолға алынған жобалар тек экономикалық тиімділікті арттырумен шектелмейді. Жобалар экология мен қоршаған ортаны қорғауды да қамтиды. Өндіріс орындары заманауи технологияларды қолдана отырып, суды және басқа табиғи ресурстарды үнемді пайдаланады, қалдықтарды азайтады. Бұл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаттары мен өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Түркістан облысында индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарды дамыту арқылы өндіріс көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру, импортты алмастыру және энергия тиімділігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жобалардың іске асуы экономиканың жасыл экономика қағидаттарына сәйкес дамуын қамтамасыз етіп, тұрақты индустриалды өсім мен экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы осы жобалар арқылы ел экономикасының жаңа бағытына – инновациялық индустрияға көшуге үлес қосуда. Энергия тиімділігін арттыру, баламалы көздерді қолдану, жасыл технологияларды енгізу, су және қоршаған орта ресурстарын тиімді пайдалану – өңірдің болашағына сенімді қадам болып отыр.
Жалпы алғанда, индустриалды аймақтардағы 99 инвестициялық жобаның іске асырылуы облыс экономикасының жасыл және тұрақты дамуына серпін беріп, энергия тиімділігін арттыру, экологияны қорғау және жаңа жұмыс орындарын құру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.




