Вторник, 6 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Түркістан облысы мен Шымкент қаласы туризмді бірлесе дамытуда: өңірлік экотуризмді танымал етуге бағытталған жаңа бастамалар

Түркістан облысы және Шымкент қаласының әкімдігі туризм саласын одан әрі дамытып, өңірдің экологиялық және мәдени әлеуетін кеңінен таныту мақсатында қалалық туроператорлардың қатысуымен кеңейтілген жұмыс кездесуін өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – екі өңір арасындағы ынтымақтастықты нығайту, туристік өнімдерді бірлесе ілгерілету және экологиялық туризмді жүйелі түрде дамытуға бағытталған тетіктерді талқылау.

Кездесуге Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Шымкент қаласының әкім орынбасары Арман Сабитов, облыстық және қалалық туризм басқармаларының басшылары, туристік компания өкілдері мен салалық қауымдастық мүшелері қатысты. Жиын барысында тараптар өңірдің туристік әлеуетімен қатар, экологиялық бағыттағы мүмкіндіктерді таныстырып, ортақ бастамаларды жүзеге асырудың тиімді жолдарын талдады.

Түркістан мен Шымкент өңірлері табиғи ландшафттардың алуан түрлілігімен, тарихи-мәдени мұраларымен және экотуризмді дамытуға қолайлы инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Кездесу барысында осы артықшылықтарды ілгерілету мақсатында бірқатар ұсыныстар қарастырылды. Атап айтқанда, табиғи қорықтар мен ұлттық парктерге бағытталған жаңа туристік бағыттарды әзірлеу, экологиялық маршруттарды бейімдеу, табиғатты қорғау талаптарына сай сервистік қызметтерді арттыру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, тараптар ішкі туризмді дамытуда экотуризмнің маңызын атап өтіп, тұрақты туризм қағидаттарын өңірлік туристік өнімдерге кеңінен енгізу қажеттігін жеткізді. Туроператорларға Түркістан қаласындағы жаңа туристік нысандар, тарихи-мәдени орталықтармен қатар, экологиялық тұрғыдан тартымды аймақтар туралы толық ақпарат ұсынылды. Қатысушылар табиғи локацияларды таныстыру мақсатында ақпараттық турларды күшейту, ортақ маркетингтік кампанияларды жүзеге асыру жөнінде пікір алмасты.

Кездесу барысында экотуризмді танымал ету бағытындағы нақты іс-шаралар жоспары да қарастырылды. Атап айтқанда:

  • табиғатты қорғау шараларымен ұштасқан туристік бағдарламаларды әзірлеу;

  • «жасыл маршруттарды» дамыту және экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған шараларды енгізу;

  • өңірдің табиғи аймақтары туралы ақпараттық материалдар әзірлеу және оларды ішкі және сыртқы аудиторияға ұсыну;

  • туризм индустриясы өкілдерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар өткізу.

Жиын қорытындысында тараптар экотуризмді дамыту – өңірдің туристік брендін күшейтіп қана қоймай, табиғи ресурстарды сақтауға, жасыл экономиканы қолдауға және жергілікті қауымдастықтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды бағыт екеніне тоқталды.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімдіктері туризм саласында өзара қолдау көрсетуге, бірлескен жобаларды іске асыруға және экологиялық бағыттағы бастамаларды кеңінен насихаттауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл ынтымақтастық өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, Қазақстандағы экотуризм мәдениетін қалыптастыруға жаңа серпін бермек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар