Вторник, 6 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Қазақстанда су ресурстарын басқару жұмыстары күшейтілуде: Түркістан облысы негізгі су тұтынушы өңір ретінде ерекше назарда

Елімізде су объектілерінің экологиялық орнықты жай-күйін қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Су тасқыны кезеңінде су ресурстарын реттеу, вегетациялық маусымда ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету және өзен арналарын санациялау бағытындағы жұмыстар ҚР Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің үйлестіруімен жүргізілуде. Бұл туралы комитет төрағасы Сейілбек Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында атап өтті.

Оның айтуынша, 2025 жылы еліміз бойынша су ағыны 14–20 млрд текше метр көлемінде болады деп болжанып отыр. Осыған байланысты су қоймаларында тасқын суды қабылдау және қауіпсіз өткізу үшін қажетті бос көлемдер алдын ала қамтамасыз етілді. Нәтижесінде биылғы су тасу кезеңінде нақты 16,7 млрд текше метр су келіп, оның айтарлықтай бөлігі вегетациялық кезеңді қолайлы өткізуге бағытталды. Су қоймаларында экологиялық қажеттіліктер мен ауыл шаруашылығына қажетті су қоры толықтай қамтылды.

Су тасқыны қаупін төмендету мақсатында орталық, солтүстік және батыс аймақтардағы өзендердің жайылма бөліктеріне батиметриялық түсірілім жүргізілді. Сонымен қатар әкімдіктермен бірлесіп, 2025–2027 жылдарға арналған өзендердің қауіпті учаскелерін санациялау жөніндегі Жол картасы қабылданды. Құжатқа сәйкес 10 облыста 51 өзен учаскесі және бір көл тазартудан өтеді. Жалпы ұзындығы 814 шақырымнан асатын өзен арналары бірінші кезекте санацияланады. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 27 шақырым өзен арнасы тазартылып, жыл соңына дейін тағы 82,3 шақырымында жұмыстар аяқталады деп жоспарлануда. Жүргізілген және жоспарланған шараларды ескере отырып, 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дейін 110 шақырым арнаны санациялау жұмыстары толық аяқталады.

Су ресурстарын пайдалануда ауыл шаруашылығы басты бағыт болып қала береді. Жалпы су пайдаланудың 60%-ы осы салаға тиесілі, ал оның 77%-ы егіс алқаптарын тұрақты суаруға жұмсалады. Биыл республика бойынша 1,2 млн гектар егістік суарылып, ауыл шаруашылығы қажеттілігіне 11 млрд текше метр су пайдаланылды. Оңтүстік өңірлердің үлесі дәстүрлі түрде жоғары – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары вегетациялық маусымда негізгі су тұтынушылар болды.

Осы өңірлердің ішінде Түркістан облысы суармалы егіншілік көлемі жағынан алдыңғы орында тұр. Биыл облыста суарылатын егістік көлемі 458 мың гектарды құрап, өңір ауыл шаруашылығы үшін 3,5 млрд текше метр су алынды. Бұл көрсеткіш елдегі жалпы су тұтыну көлемінің айтарлықтай бөлігін құрайды. Түркістан облысының аграрлық саласы жыл сайын дамып, егіс алқаптарының көлемі ұлғайып келеді. Осыған орай өңірдің су ресурстарын басқару мәселесі стратегиялық маңызға ие болып отыр. Су қоймалары қазіргі уақытта жинақтау режимінде жұмыс істеп, алдағы маусымға қажетті суды жинауда. Сондай-ақ облыстағы каналдар мен гидротехникалық нысандарда жөндеу және механикалық тазарту жұмыстары жалғасуда.

Алматы және Жетісу облыстарында шамамен 268 мың гектар, Жамбыл облысында 78 мың гектар, Қызылорда облысында 186 мың гектардан астам егіс алқабы суарылды. Бұл аймақтарда вегетациялық маусымдағы жалпы су тұтыну көлемі бірнеше миллиард текше метрді құрады. Әсіресе Қызылорда және Түркістан облыстарының көрсеткіштері айтарлықтай жоғары болды. Бұл өңірлердің ауыл шаруашылығы саласының дамуы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында бассейндік инспекциялар Төтенше жағдайлар департаменттері және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 1 395 гидротехникалық құрылысты тексерді. Зерттеу нәтижесінде 581 нысанның жөндеуді қажет ететіні анықталды. Қазіргі уақытта меншік иелері 69 нысанда қайта құру, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар тасқын суды қауіпсіз өткізуге және елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Су ресурстарын басқару – еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы үшін маңызды сала. Әсіресе Түркістан облысы секілді ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған өңірлерде су тапшылығын болдырмау, тиімді су бөлу және су үнемдеу технологияларын енгізу міндеттері өзекті болып табылады. Алдағы кезеңде су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, су қоймаларының әлеуетін арттыру және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар