Түркістан облысында коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның тозуын азайтып, өңірдің инженерлік жүйелерін жаңғыртуға бағытталған республикалық «Ұлттық жоба» кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ауқымды бастама аясында облысқа шамамен 164 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ақтілеу Бекмұратов облыстық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Сала басшысының айтуынша, ұлттық жоба елдің барлық аймақтарында тозығы жеткен инженерлік желілерді кезең-кезеңімен ауыстыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысында да су, жылу, электр және канализация жүйелеріне қатысты өткір мәселелер бар. Осы жоба арқылы апаттық жағдайларды 20%-ға дейін төмендету және энергетикалық активтердің тозу деңгейін республикалық деңгейде орта есеппен 40%-ға дейін төмендету көзделуде. Бұл – өңір инфрақұрылымын заманауи талаптарға бейімдеудің, тұрғындар үшін сапалы коммуналдық қызметке қолжетімділікті арттырудың маңызды қадамы.
Жобаны қаржыландыру бірнеше бағыт арқылы жүзеге асатын болады. Инвестицияның негізгі бөлігі «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ желісімен, халықаралық қаржы ұйымдарының жеңілдетілген несиелері және екінші деңгейлі банктердің тікелей қаржыландыруы есебінен тартылады. Мемлекет тарапынан да қолдау ерекше. Алдағы төрт жыл ішінде «Ұлттық жобаны» жүзеге асыру мақсатында жалпы көлемі 13 триллион теңге болатын қаражат бөлінеді.
Ақтілеу Бекмұратовтың айтуынша, департамент тарапынан монополист кәсіпорындардың қызметіне тұрақты мониторинг жүргізіліп, инфрақұрылымның қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуіне бақылау күшейтілген. Биыл облыс аумағында 9 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Оның сегізінде заңбұзушылықтар анықталып, тиісті нұсқамалар берілген. Қазір бір нысан бойынша тексеру жұмыстары жалғасуда. Заң талаптарын сақтамаған кәсіпорындар әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр: жыл басынан бері 79 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 48-і бойынша 33,4 миллион теңге айыппұл салынған. Айыппұлдың 14,6 миллион теңгесі бюджетке өндірілді, ал қалған сома сот орындаушылардың құзырында. Сонымен қатар, 31 хаттама сотқа жолданып, оның 17-сі бойынша сот шешімімен 11,7 миллион теңге көлемінде айыппұл белгіленді.
«Ұлттық жоба» Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық дамуында ерекше рөл атқарады. Себебі, жаңа инфрақұрылымдық жүйелердің енгізілуі тек техникалық жаңғырту ғана емес, энергия тиімділік саясатын күшейтуге, ресурстық шығындарды азайтуға және коммуналдық қызметтердің экологиялық әсерін төмендетуге бағытталған. Энергия үнемдейтін құрал-жабдықтарды пайдалану, жылу желілерін қайта құру, электр тарату станцияларын жаңарту – жасыл экономика қағидаттарының тікелей көрінісі.
Сала мамандарының сөзінше, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту ұзақ мерзімді экономикалық тиімділік береді. Біріншіден, энергия шығынын төмендету арқылы коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуін шектеуге мүмкіндік бар. Екіншіден, апаттардың азаюы кәсіпорындар мен тұрғындар үшін қосымша қауіпсіздік тудырады. Үшіншіден, экологияға түсетін жүктеме азаяды. Түркістан облысы соңғы жылдары қарқынды өсіп, халық саны да артып келеді. Сондықтан өңірдің заманауи, сенімді инженерлік инфрақұрылымға деген қажеттілігі артқан.
Инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бастамалар өңірдің ауылдық аумақтарына да оң әсерін тигізбек. Әсіресе, газдандыру, электрмен жабдықтау, су тарту желілерін жаңарту жұмыстары ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған. Бұдан бөлек, жаңа нысандарды салуда экология талаптары сақталып, ресурстарды ұтымды пайдалану тетіктері енгізіледі.
Түркістан облысында бұл жобалардың тиімді орындалуы аймақтың тұрақты дамуына, жасыл экономикаға көшуіне, энергия тиімділігін арттыруға және заманауи табиғи монополиялар қызметін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұдан бөлек, облыс тұрғындары сапалы әрі үздіксіз коммуналдық қызметке қол жеткізіп, өңір инфрақұрылымының жаңа деңгейге көтерілуі қамтамасыз етіледі.




