Вторник, 6 октября, 2026
8.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Түркістан облысында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталды

Түркістан облысының Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Бұл жобаны іске асыру өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған стратегиялық маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Күн электр станциясының іске қосылуы облыстың энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, жасыл энергетика үлесін ұлғайтуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, жобаның өңір үшін стратегиялық мәнін атап өтті. Аудан басшысының айтуынша, бұл бастама облыс экономикасының әртараптануына, инвестициялық ахуалдың жақсаруына және экологиялық таза энергия өндіру жолындағы маңызды қадамдарға серпін береді.

– Бүгін біз өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен «жасыл экономикаға» көшу жолындағы маңызды жобалардың бірі – қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Түркістан облысы – ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия жобаларын дамыту, күн қуатын тиімді пайдалану өңіріміз үшін аса тиімді әрі болашағы зор бағыт. Жобаны іске асыруға құйылатын инвестиция көлемі шамамен 160 млрд теңгені құрайды, ал жұмыспен 500-ге жуық адам қамтамасыз етіледі. Бүгінгі бастама – экологиялық таза, тұрақты даму жолына түскен Түркістанның болашағына салынған инвестиция. Бұл жоба облысымыздың энергия инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын арттырады, – деді Нұралхан Көшеров.

Бейнебайланыс арқылы сөз сөйлеген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жаңартылатын энергия жобаларына мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтып, 300 МВт-тық күн электр станциясының Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынын жеткізді.

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь жобаны Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде атап, жасыл энергетика саласындағы бірлескен бастамалардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар бейнебайланыс арқылы сөйлеген «China Energy Group» президенті Ни Чжэн жобаның ұлттық энергетика саласы үшін мәні мен халықаралық әріптестікті дамытудағы рөлін атап өтті.

Жиында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жоба компанияның төмен көміртекті генерацияға және заманауи энергия жүйесін дамытуға кезең-кезеңмен көшу стратегиясының маңызды бөлігі екенін атап өтті. – Бұл станцияны салу инвестициялық жоба ғана емес, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуына қосқан үлесіміз. Біз серіктестерімізбен бірлесе отырып, объектіні ең жоғары сапа мен сенімділік стандарттарына сәйкес іске асыра алатынымызға сенімдіміз, – деді Мақсұтов.

«China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяодань жобаның техникалық, экологиялық және инвестициялық қырларына тоқталып, оны сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.

Салтанатты рәсімде уақыт капсуласын салу құрметі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа және «China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьға берілді.

Күн электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі айтарлықтай артады. Жобаның жүзеге асуы өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсартып, өндірістер мен зауыттардың тұрақты энергия көзіне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар экологиялық таза энергия өндірісі қоршаған ортаға әсерді төмендетіп, климаттық өзгерістерге қарсы күреске үлес қосады.

Аталған жоба Энергия тиімділік саясатын ілгерілетіп, жасыл экономика қағидаттарын енгізу жолында маңызды рөл атқарады. Ол көміртегі шығарындыларын азайту арқылы экологиялық тұрақтылыққа үлес қосып, облыс пен ел экономикасын әртараптандыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар инвестициялық тартымдылық пен жаңа жұмыс орындарын құру арқылы аймақ тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды. Бұл бастама Түркістан облысының энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, экологиялық таза энергияны дамытуда ұлттық үлестің өсуіне мүмкіндік береді.

Бүгінгі салтанатты рәсім – өңірдің жасыл энергетикаға көшу жолындағы нақты қадамы, ал жобаның табысты іске асуы Түркістан облысының тұрақты дамуына, экологияны қорғауға және энергия тиімділігін арттыруға үлес қосады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар