Вторник, 6 октября, 2026
8.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

САРЫАҒАШТА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ – ЭКОЛОГИЯ МЕН СУ РЕСУРСТАРЫН ҚОРҒАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Жартытөбе ауылдық округіндегі Достық елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, тұрғындар үшін көптен күткен әлеуметтік әрі экологиялық маңызы зор жоба жүзеге асырылды. Бұл бастама Мемлекет басшысының экологияны қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының нақты нәтижесі болып табылады.

Аталған инфрақұрылымдық нысанның іске қосылуына арналған салтанатты шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат депутаттары, сала мамандары, ауыл ақсақалдары мен елді мекен тұрғындары қатысты. Жиын барысында ақсақалдар ақ баталарын беріп, атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Аудан басшысы өз сөзінде ауыз су мәселесінің тек әлеуметтік ғана емес, экологиялық тұрғыдан да аса маңызды екенін атап өтті.

Достық елді мекенін ауыз сумен қамту мақсатында республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Универсал Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Жоба аясында сыйымдылығы 500 текше метр болатын екі су резервуары салынды, бірінші және екінші көтерілімдегі насостық станциялар орнатылды, сондай-ақ қуаттылығы 63 кВА болатын трансформатор қондырғысы іске қосылды. Нәтижесінде 890 абонент сапалы әрі таза ауыз сумен тұрақты түрде қамтылып отыр.

Бұл жоба экология мен су ресурстарын қорғау бағытындағы кешенді шаралардың бір бөлігі болып саналады. Бұған дейін тұрғындар жер асты су көздерін бейберекет пайдалануға немесе санитарлық талаптарға сай келмейтін су көздеріне тәуелді болған. Ал орталықтандырылған жүйеге көшу арқылы су ресурстарын ұтымды пайдалану қамтамасыз етіліп, қоршаған ортаға түсетін жүктеме айтарлықтай азайды. Сонымен қатар, ауыз судың сапасы жақсарып, халық денсаулығын сақтау ісіне де оң ықпал етуде.

Айта кету керек, биылғы жылы Сарыағаш ауданында жалпы 8 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Соның нәтижесінде аудан бойынша ауыз сумен қамту деңгейі 12,76 пайызға артып, 92,1 пайызды құрады. Бұл – өңірде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың айқын көрсеткіші.

Аталған жобалар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының негізгі қағидаттарымен де үндеседі. Себебі таза ауыз су – экологиялық қауіпсіздіктің, халықтың өмір сапасының және тұрақты дамудың негізгі факторы. Су көздерін қорғау, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және экологиялық жауапкершілікті арттыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.

Алдағы уақытта да Сарыағаш ауданында су ресурстарын сақтау, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Бұл бастамалар жасыл экономика қағидаттарын жүзеге асыруға, табиғи ресурстарды болашақ ұрпақ үшін сақтауға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Түркістан облысы мен Сарыағаш ауданы деңгейінде іске асырылып жатқан мұндай жобалар елдің экологиялық тұрақтылығын нығайтып, «Таза Қазақстан» идеяларын нақты істер арқылы жүзеге асырудың жарқын үлгісі болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар