Вторник, 6 октября, 2026
8.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ОТЫРАРДА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ – ЭКОЛОГИЯ МЕН СУ РЕСУРСТАРЫН ҚОРҒАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН НАҚТЫ ҚАДАМ

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, ауыл тұрғындары орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылды. Бұл игі бастама елді мекен халқының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, экология мен су ресурстарын қорғау бағытындағы мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі болып отыр.

Ауыз су – халық денсаулығының, санитарлық қауіпсіздіктің және қоршаған ортаның тұрақтылығының негізгі факторларының бірі. Осы тұрғыда Ақкөл елді мекенінде жүзеге асырылған жоба өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға, табиғи су көздерін тиімді әрі ұтымды пайдалануға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық қадам саналады.

Аталған нысанның пайдалануға берілуіне арналған салтанатты шараға Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, Отырар ауданының прокуроры Әмір Қабдырахманов, ауыл ақсақалдары мен елді мекен тұрғындары қатысты. Жиын барысында сөз алған аудан басшылығы тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, атқарылып жатқан жұмыстардың ел игілігі үшін маңыздылығын атап өтті. Ауыл ақсақалдары өз кезегінде ақ баталарын беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдауларға алғыстарын жеткізді.

Ақкөл елді мекеніндегі ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын «Exclusive Project company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Жоба аясында жалпы ұзындығы 11 560 метрді құрайтын су құбыры тартылып, нәтижесінде 65-ке жуық отбасы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, құрылыс барысында тереңдігі 1250 метр болатын екі су ұңғымасы қазылып, су сорғы станциясының арнайы имараты салынды. Бұл нысандар ауыз судың үздіксіз әрі тұрақты берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Аталған жобаның тағы бір ерекшелігі – оның қаржыландыру көзі. Құрылыс жұмыстары мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылды. Бұл – мемлекет қаражатын тиімді пайдалану мен әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырудың жарқын үлгісі.

Орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу арқылы тұрғындардың жер асты су көздерін ретсіз пайдалануына жол берілмейді, ал бұл өз кезегінде экожүйенің сақталуына және су ресурстарының азаймауына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, таза ауыз суға қол жеткізу халық арасында түрлі жұқпалы аурулардың алдын алып, санитарлық-гигиеналық жағдайдың жақсаруына ықпал етеді.

Бұл жоба «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының негізгі қағидаттарымен де тығыз байланысты. Себебі таза су – таза қоршаған орта мен салауатты өмір салтының ажырамас бөлігі. Елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету арқылы қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсаттары жүзеге асуда.

Айта кету керек, бүгінде Отырар ауданындағы 38 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған таза ауыз су жүйесіне қосылған. Бұл – аудан көлемінде экология мен су ресурстарын қорғау бағытында жүйелі әрі жоспарлы жұмыстардың жүргізіліп жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Алдағы уақытта да өңірде халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады. Мұндай жобалар еліміздің тұрақты дамуына, жасыл экономика қағидаттарын іске асыруға және болашақ ұрпаққа экологиялық таза орта қалдыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар