Четверг, 1 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ РЕСУРСТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Су ресурстарын тиімді пайдалану және оларды қорғау – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, халықтың өмір сүру сапасын арттырудың және тұрақты дамудың негізгі факторларының бірі. Осы бағытта Түркістан облысында көктемгі су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету, табиғи қауіптердің алдын алу және су нысандарының тұрақты жұмысын сақтау мақсатында кешенді әрі жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Өңірде экология мен су ресурстарын қорғау мәселелері ерекше бақылауға алынған. Су тасқынының алдын алу – тек төтенше жағдайлардың алдын алу шарасы ғана емес, сонымен қатар өзен-көлдер экожүйесін сақтау, елді мекендерді су басу қаупінен қорғау және инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды экологиялық міндет. Осы орайда облыс аумағында қыс-көктем мезгілдерінде су деңгейінің өзгеруіне тұрақты мониторинг жүргізіліп, гидрологиялық жағдай жіті бақылауда ұсталып отыр.

Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің үйлестіруімен су тасқыны қаупінің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Қазіргі таңда өңірдегі өзендерде мұз кептелістері тіркелмеген, су режимі қалыпты деңгейде сақталуда. Мамандардың мәліметінше, гидрологиялық ахуал тұрақты, бұл су ресурстарын басқару және қорғау шараларының тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

«Қазгидромет» орталығының болжамына сәйкес, облыста ауа температурасының ауытқуы мен жауын-шашын мөлшерінің арту ықтималдығы ескеріліп, алдын алу шаралары күшейтілген. Әсіресе таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін екені назарға алынып, су қоймалары мен өзен арналарының жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Бұл – су тасқынының алдын алып қана қоймай, су ресурстарын реттеу және оларды тиімді пайдалану мақсатындағы маңызды қадам.

Бүгінде Түркістан облысы аумағында барлығы 42 су қоймасы орналасқан. Оның ішінде 16 су қоймасы республикалық, 22-сі облыстық және 4-еуі жеке меншік нысандарға жатады. Қазіргі уақытта су қоймаларының орташа толу деңгейі 59 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш су қорын реттеу мен қауіпсіз деңгейде сақтау бағытындағы шаралардың уақытылы жүзеге асырылып жатқанын білдіреді. Су қоймаларының толу деңгейін бақылау арқылы артық судың ретсіз таралуына жол бермей, төмен орналасқан елді мекендерді су басу қаупінен қорғау көзделеді.

Су ресурстарын қорғау және су тасқынының алдын алу мақсатында «2025–2026 жылдарға арналған қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар жоспары» бекітілген. Аталған жоспар 12 нақты іс-шарадан тұрады. Қазіргі таңда оның 8-і толық орындалып, қалған жұмыстар белгіленген мерзімдерге сәйкес кезең-кезеңімен жалғасуда. Бұл жоспар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, су объектілерінің техникалық жай-күйін жақсартуға және табиғи апаттардың алдын алуға бағытталған.

Жоспар аясында облыстың бірқатар аумақтарында нақты инженерлік жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданындағы облыстық маңызы бар автокөлік жолындағы көпірлерге күрделі жөндеу жасалып, су өткізу мүмкіндігі арттырылды. Сонымен қатар Боралдай өзенінің қорғаныс дамбасы бетондандырылып, су арнасының шайылу қаупі төмендетілді. Келес өзенінің арнасы нығайтылып, жағалаулар бекітілді. Бұл жұмыстар өзен суларының ретсіз тасуына жол бермей, табиғи тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

Мақтаарал ауданында да су ресурстарын қорғау бағытында маңызды шаралар жүзеге асырылды. Ташкент көшесі бойындағы ирригациялық жүйелер қалпына келтіріліп, автокөлік жолдарындағы су өткелдері кеңейтілді. Бұл өз кезегінде артық судың уақытылы бағытталуына, су басу қаупінің төмендеуіне және ауыл шаруашылығы алқаптарының қорғалуына ықпал етеді. Ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру – су ресурстарын тиімді басқарудың және экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың маңызды тетігі.

Су тасқыны қаупі туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін өңірде қажетті күш-құралдар толық дайындыққа келтірілген. Көктемгі кезеңде 1000-нан астам құтқарушы, 120-дан аса арнайы техника, жүзу құралдары, су сорғыш қондырғылар мен эвакуациялауға арналған көліктер кез келген жағдайға дайын. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ықтимал экологиялық залалды азайтуға бағытталған.

Сонымен қатар алдағы кезеңдерге арналған жүйелі жоспарлау да назардан тыс қалмаған. Қазіргі уақытта су тасқыны қаупі бар учаскелер бойынша 22 іс-шараны қамтитын «2026–2027 жылдарға арналған су тасқынына қарсы жол картасы» әзірлену үстінде. Бұл құжат су ресурстарын қорғау, өзен-көлдердің жағдайын жақсарту және табиғи апаттардың алдын алу бойынша ұзақ мерзімді саясатты жүзеге асыруға негіз болады.

Экология мен су ресурстарын қорғау саласындағы мұндай жүйелі жұмыстар өңірдің экологиялық тұрақтылығын сақтауға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және табиғи ресурстарды келешек ұрпаққа аман жеткізуге бағытталған. Су тасқынының алдын алу арқылы қоршаған ортаға келетін зиян азайып, елді мекендердің экологиялық ахуалы жақсарады.

Түркістан облысында су ресурстарын қорғау бағытындағы барлық жұмыстар тұрақты бақылауда. Мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылы, алдын ала жоспарлау және инженерлік шешімдердің нәтижесінде көктемгі су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізуге толық негіз бар. Бұл – өңірде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен су ресурстарын қорғау бағытындағы мемлекеттік саясаттың нақты іске асып жатқанын көрсетеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар