Понедельник, 5 октября, 2026
8.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗАҢСЫЗ АҒАШ КЕСУГЕ ҚАРСЫ ШАРАЛАР КҮШЕЙТІЛДІ: ҚАНДАЙ ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2027 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағына 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл бастама – экологиялық ахуалды жақсарту, климаттың өзгеруінің кері әсерін азайту және табиғи ресурстарды сақтауға бағытталған стратегиялық қадам. Аталған тапсырманы іске асыру мақсатында облыс әкімдіктері Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп орман өсіру және орманды қалпына келтіру бойынша кешенді жоспарларды бекітті.

Түркістан облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, сексеуіл, жиде, тораңғы және басқа да жергілікті өсімдіктерді көбейтуге басымдық берілген. Орман алқаптарын сақтау және ұлғайту – шөлейттенудің алдын алуда, топырақ эрозиясын азайтуда және биоалуантүрлілікті қорғауда маңызды рөл атқарады.

Экология және табиғи ресурстар министрінің 2024 жылғы 30 қазандағы «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сексеуіл ормандарын кесуге тыйым салу туралы» бұйрығына сәйкес, 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасы мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл ормандарында кесудің барлық түрлеріне толықтай тыйым салынған. Бұл шешім – сексеуіл ормандарының экожүйедегі ерекше маңызын ескере отырып қабылданған. Сексеуіл – шөл және шөлейт аймақтарда топырақты бекітетін, құм көшкінін тоқтататын және табиғи тепе-теңдікті сақтайтын бірегей өсімдік.

Осыған байланысты өңірде заңсыз ағаш кесудің алдын алу және орман қорын сақтау бағытындағы бақылау шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі заңсыз ағаш кесуге қарсы кешенді іс-шараларды тұрақты түрде жүзеге асыруда. Мекеме инспекторлары орман алқаптарында рейдтік тексерулер ұйымдастырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау жұмыстарын жүргізуде.

Жыл басынан бері 65 рет рейдтік іс-шара өткізілді. Тексеру барысында орман қоры аумағында заңсыз ағаш кесу, ағаш материалдарын заңсыз тасымалдау және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қабылданды. Құқық бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, кінәлі тұлғаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік жүктеледі.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, мемлекеттік орман қоры аумағында ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, зақымдау немесе жою фактілері үшін айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері құқық бұзушылықтың сипатына, келтірілген залал көлеміне және құқық бұзушының мәртебесіне байланысты белгіленеді. Сонымен қатар, қоршаған ортаға келтірілген залал заңнамаға сәйкес есептеліп, өндіріп алынады. Егер келтірілген шығын ірі көлемде болса немесе әрекет қасақана жасалса, қылмыстық жауапкершілік мәселесі де қарастырылуы мүмкін.

Орман қорын қорғау бағытында тек бақылау шаралары ғана емес, профилактикалық жұмыстар да белсенді жүргізілуде. Мекеме мамандары жергілікті тұрғындармен, орманға шекаралас ауылдар мен елді мекендерде кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруда. Тұрғындарға орман байлығын сақтаудың маңызы, заңсыз ағаш кесудің табиғатқа және болашақ ұрпаққа тигізетін кері әсері кеңінен түсіндірілуде. Сонымен қатар арнайы үнпарақтар таратылып, ақпараттық материалдар жариялануда.

Заңсыз ағаш кесу – тек құқық бұзушылық қана емес, экожүйеге елеулі зиян келтіретін әрекет. Орман алқаптарының азаюы топырақтың құнарсыздануына, жел эрозиясының күшеюіне және жануарлар дүниесінің тіршілік ету ортасының тарылуына әкеледі. Әсіресе сексеуіл ормандарының жойылуы шөлейттену процесін үдетіп, аймақтың экологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты табиғатты қорғау – тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Орман ресурстарын сақтау және көбейту бағытындағы мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуы қоғамның белсенді қолдауына тікелей байланысты. Әрбір тұрғын заң талаптарын сақтап, орман алқаптарына ұқыпты қарауға тиіс.

Түркістан облысында орман шаруашылығын дамыту және қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар орманды қалпына келтіру, көшет отырғызу және жасыл белдеулерді ұлғайту шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Мемлекеттік орман қоры – халықтың ортақ байлығы. Оны сақтау, қорғау және келешек ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Осы ретте «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ азаматтарды табиғатты қорғауға бейжай қарамауға, заң талаптарын қатаң сақтауға және орман қорын қорғау ісіне белсенді атсалысуға шақырады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар