Абай ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында әлеуметтік нысандар салынуда
деп хабарлайды Kemelnews.kz Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Абай ауданында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған «Халық қатысатын бюджет» жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Биыл осы мақсатқа 1,9 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобалар іске асуда. Соның нәтижесінде аудан аумағында 16 жаңа ойын алаңшасы мен 3 заманауи спорт алаңшасы салынды, 5 гүлзар бой көтерді және 34 мың шаршы метр аяқжол төселді.
Көгалдандыру жұмыстары да басты назарда. Бүгінгі таңда 5 жаңа гүлзар салынып, олардың бір бөлігі тұрғындардың пайдалануына берілді. Сонымен қатар, «Асар» шағын ауданында тозығы жеткен 4 гүлзар қайта жаңартылуда. Бұл бастамалар ауданның экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындарға бос уақытын тиімді әрі жайлы өткізуге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері Абай ауданында 37 рет сенбілік ұйымдастырылды. Оған 30 мыңнан астам тұрғын қатысып, өз үлесін қосты. Қоғамдық жұмыстарға халықтың белсенді араласуы ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға айтарлықтай серпін беруде.
Балалардың қауіпсіздігі мен қолайлы ортасын қамтамасыз ету де басты назарда. Осы бағытта жыл басынан бері 63 ескі ойын алаңшасының 45-і жаңартылды. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын тауып, барлық балалар алаңшалары кезең-кезеңімен жаңғыртылатын болады.
Қорытындысында, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аудан халқының өмір сүру сапасын арттыруға, қоғамдық кеңістіктерді жаңартуға және тұрғындардың әлеуметтік белсенділігін күшейтуге нақты үлес қосып жатқаны атап өтілді.




