Шымкент қаласында отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған ерекше әрі тәрбиелік мәні зор «Әкеге хат» жобасы табысты жүзеге асырылды. Шараны Абай ауданы әкімі аппараты ұйымдастырды. Игі бастама жас ұрпақтың бойында әкеге деген сүйіспеншілік пен құрметті арттыруға, отбасы институтының маңызын түсіндіруге және қоғамда жауапкершілік пен мейірім қағидаттарын бекітуге бағытталды.
Жобаның басты мақсаты – әке мен бала арасындағы өзара сенім мен рухани байланысты нығайту, ата-ананың отбасындағы рөлін айшықтау және әкенің еңбегін бағалай білуге үйрету. Сондай-ақ, бұл жоба балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ойларын еркін жеткізіп, сезімдерін ашық білдіруге мүмкіндік берді.
«Әкеге хат» байқауына Абай ауданына қарасты мектептердің 8–11 сыныптарынан 108 оқушы қатысты. Олар өздерінің әкелеріне арнап жүрекжарды хаттарын әсерлі әрі креативті түрде ұсынды. Әрбір хатта баланың шынайы ризашылығы, сүйіспеншілігі мен алғысы көрініс тапты. Оқушылар өз еңбектерінде әкенің отбасындағы орны мен жауапкершілігін, оның еңбегі мен қамқорлығын жоғары бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Бас жүлде иегеріне ноутбук пен 100 000 теңге көлемінде сертификат табысталды. Бірінші орын алған қатысушы планшетке, екінші орын иегері ұялы телефонға, ал үшінші орын алған оқушы телевизорға ие болды. Бұған қоса, ерекше белсенділік танытқан 10 оқушыға ынталандыру сыйлықтары берілді.
Іс-шараның өтуіне зор үлес қосқан серіктес ұйымдардың бірі – «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қоры. Қор мүшелері балалардың бойына ізгілік пен мейірім дәнін егуге бағытталған жобаларға әрдайым қолдау көрсетіп келеді.
Шара барысында ұйымдастырушылар мен қатысушылардың пікірінше, мұндай жобалар жас ұрпақтың рухани және адамгершілік тұрғыдан дамуына зор әсер етеді. Әкенің бала тәрбиесіндегі орны мен үлгісін дәріптеу арқылы қоғамда отбасы құндылықтарын нығайту – басты мақсаттардың бірі болып табылады.
Абай ауданының әкімдігі алдағы уақытта бұл бастаманы жалғастырып, «Анаға хат» атты жобаны кеңейтілген форматта өткізуді жоспарлап отыр. Мұндай шаралар жас буынды адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің маңызды құралына айналмақ.
Жалпы алғанда, «Әкеге хат» жобасы – ұлттың болашағы саналатын жастардың бойына ата-анаға құрмет, отбасыға сүйіспеншілік және ізгілік рухын сіңіретін тағылымды әрі әсерлі бастама болды.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/tdctUfs06IU?si=S4aLAUl9S6s-D-4L
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




