Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тазалық деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Таза қала» жалпықалалық сенбілік жұмыстары Әл-Фараби ауданында жоғары деңгейде өтті. Іс-шара барысында аудан аумағында ауқымды тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.
Сенбілікке Әл-Фараби ауданы әкім аппараты, «Әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Таза Өлке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 400 қызметкер мен 15 арнайы техника жұмылдырылды. Бір күн ішінде 20 тоннаға жуық тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды. Сонымен қатар, аудан тұрғындары, кәсіпкерлер мен түрлі ұйымдар өкілдері де белсенді қатысып, 4500-ден астам адам өз үлестерін қосты.
Іс-шараға қалалық басқармалар мен мекемелер де атсалысты. Тұрғын үй басқармасынан 22 қызметкер, Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасынан 35 қызметкер мен 2 техника, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасынан 24 қызметкер мен 1 техника, Білім басқармасынан 32 қызметкер, ал Дін істері басқармасы тарапынан, соның ішінде КММ және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы өкілдігімен бірге жалпы саны 4350 қызметкер мен 5 техника жұмылдырылды.
Жалпы алғанда, Әл-Фараби ауданы бойынша сенбілікке барлығы 9363 қызметкер мен 23 техника қатысып, нәтижесінде 25,5 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Қызметкерлер мен еріктілер тарапынан қураған ағаштар мен бұтақтар кесілді, көше бойларындағы шөптер шабылды, аяқжолдар мен жол жиегі жуылып, қоқыс алаңшалары мен аулалар тазартылды. Сонымен қатар, ескірген қоршаулар сырланып, ағаштар әктеліп, гүлзарлар мен саябақ аумақтары ретке келтірілді.
Сенбілік жұмыстары барысында аудан тұрғындары табиғатты қорғау мен қоғамдық кеңістіктерді таза ұстау мәдениетіне зор мән беріп, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті іс жүзінде көрсетті. Бұл шара қаланың экологиялық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, тұрғындардың бірлігін арттыруға да ықпал етті.
Әл-Фараби ауданы әкімдігі алдағы уақытта да осындай экологиялық бастамаларды тұрақты түрде өткізіп, тазалық мәдениетін қалыптастыруды басты назарда ұстайтын болады. «Таза қала – ортақ міндет, ал оны сақтау – әр азаматтың борышы» деген ұстаным аясында жұмыстар жалғасын табады.
#ТазаҚазақстан #ТазаҚала




