Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин агросаладағы жұмыспен қамтуды ұлғайту бойынша атқарылып жатқан шараларды баяндады. Оның айтуынша, ведомство жаңа жұмыс орындарын қалыптастырумен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ұйымдасқан шаруашылықтарға көшіру үшін жағдай жасап отыр.
«Алдағы үш жылда 3,4 трлн теңге сомаға 683 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл шамамен 23 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді вице-министр. Оның сөзінше, ірі жобалармен қатар, ауылдағы ұсақ кәсіп иелерін капиталмен және нарыққа кірумен қамтамасыз ету де басымдыққа айналған.
Саланы қаржыландырудың маңызды құралына айналған «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында соңғы жылдары 115 млрд теңге сомасына 17 мыңнан астам шағын несие берілді. Соның нәтижесінде ауылдық жерлерде 20 мыңға жуық тұрақты және маусымдық жұмыс орны ашылған. Бұл – өңдеудің шағын цехтары, жылыжай, жем-шөп базасы, сүт қабылдау пункттері тәрізді жобалардың көбейгенін білдіреді.
Биылғы Жол картаға сәйкес, АӨК инвестициялық жобаларын жүзеге асыру арқылы 616 млрд теңгеге 285 жоба іске қосылады. Жоспар орындалса, 6,3 мың тұрақты және уақытша жұмыс орны құрылады. Министрлік мәліметінше, жаңа жұмыс орындарының басым бөлігі су үнемдеу технологияларын енгізу, мал шаруашылығындағы қайта өңдеу, жеміс-көкөніс қоймаларын салу, агрологиялық тізбекті күшейту секілді бағыттарда ашылады.
Сала мамандары агроинвестицияның «кадр – нарық – инфрақұрылым» үштағанымен өлшенетінін айтады. Сондықтан жобалармен бірге дуальды оқыту, қысқа модульдік курстар және агроном, ветеринар, механизатор даярлауға арналған мобильді шеберханалар іске қосылмақ. Шартты субсидиялау мен міндеттемелерді орындауды цифрлық бақылау енгізілсе, бюджет қаржысының қайтарымы да айқынырақ болмақ.




