Вторник, 6 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

АРЫСТА 5 ГЕКТАР ЖЕРДЕ ЖАҢА АЛМА БАУЫ БОЙ КӨТЕРДІ

Арыс қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында маңызды экологиялық әрі ауыл шаруашылығы бағытындағы ауқымды жоба жүзеге асырылды. Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың тапсырмасына сәйкес, «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Теміржолшы елді мекеніне баратын жол бойындағы арнайы бөлінген 50 гектар аймақта 5 гектар жерге жаңа алма бағын отырғызды. Жобаның алғашқы кезеңінде 2 000 түп алма көшеті егілді.

Отырғызылған алма көшеттері өңір тұрғындары арасында кеңінен сұранысқа ие әрі климаттық жағдайға бейімделген «Салтанат», «Бес жұлдыз» және «Золотой превосход» сорттарынан таңдалған. Бұл сорттар жоғары өнімділігімен, ерекше дәмдік қасиеттерімен және 5–6 метрге дейін жететін биіктігімен ерекшеленеді. Мамандардың айтуынша, аталмыш сорттар жергілікті топыраққа жақсы үйлесіп, ұзақ мерзімді жоспарлар үшін қолайлы таңдау болып табылады.

Жобаны жүзеге асыру барысында дайындық жұмыстарына айрықша назар аударылды. Алдымен жер жыртылып, тегістеліп, арнайы ауыл шаруашылығы техникалары арқылы стандартқа сай ұялар қазылды. Әр көшеттің түбіне толыққанды тыңайтқыш құрамы енгізіліп, өсімдіктердің жақсы тамырлануына жағдай жасалды. Суғару мәселесін шешу үшін екі үлкен су қоймасы мен су ұңғымасы дайындалып, су қоры сенімді деңгейде қамтамасыз етілді.

«Қала басшысы алма бағын ұлғайту туралы нақты тапсырма берген болатын. Осыған байланысты топырақ құрамын зерттеп, өңірге ең қолайлы деп танылған үш сортты таңдадық. Алдағы уақытта бауды тамшылатып суару жүйесімен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Сәті түссе, арыстықтардың өз алма бағы қалыптасады», – дейді «Жасыл Арыс» КММ директоры Бақтияр Асилов.

Жаңа алма бағы орналасқан аймақ толықтай қоршалып, инженерлік инфрақұрылым бойынша дайындық жұмыстары аяқталған. Арнайы жасалған қоршау көшеттерді жел, жануарлар және сыртқы зияндардан қорғайды. Сонымен қатар, аумақты абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса бермек.

Мамандардың болжамы бойынша, жаңа алма ағаштары алғаш рет 2027–2028 жылдары өнім бере бастайды. Бұл кезеңде толық көлемде өнімділік байқалмаса да, алғашқы жемістің нышаны көрініп, баудың даму деңгейі бағаланатын болады. Ал толыққанды өнім алу уақыты бірнеше жыл ішінде тұрақты түрде қалыптасады деп күтілуде.

Арыс қаласында жеміс бағының құрылуы – тек экологиялық жоба ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары бастама. Болашақта алма бағы жергілікті тұрғындар үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға, жасыл желек көлемін арттыруға, қала экологиясын жақсартуға үлес қоспақ. Сонымен қатар, өсірілетін өнім ішкі нарықты сапалы жеміспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл бастама Арыс қаласының жасыл аймақтарын көбейтуді көздейтін ұзақ мерзімді стратегиялық жоспардың бір бөлігі. Қала басшылығының айтуынша, мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасып, аймақтың экологиялық тұрақтылығын арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар