Вторник, 6 октября, 2026
7.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА ЖҰЛДЫЗ ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысында инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елді мекендерді сапалы ауыз сумен толық қамту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында өңірде ауылдық аумақтарды дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл бағытта облыс көлемінде нақты жобалар жүзеге асырылып, кезең-кезеңімен маңызды нысандар пайдалануға берілуде.

Осы ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Бәйдібек ауданы Ағыбет ауылдық округіне қарасты Жұлдыз елді мекенінде магистральды ауыз су жүйесінің құрылысы толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді. Аталған жоба ауыл халқы үшін әлеуметтік маңызы жоғары нысан болып саналады және елді мекеннің санитарлық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың денсаулығын қорғауға, сондай-ақ тұрмыстық қолайлылықты арттыруға бағытталған.

Жаңа ауыз су жүйесінің іске қосылуына арналған салтанатты іс-шараға Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асуымен құттықтады. Іс-шара барысында аудан басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде елді мекендерді ауыз сумен қамту мәселесі толық шешімін тауып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгін Жұлдыз елді мекенінде іске қосылып отырған магистральды ауыз су жүйесі – мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қолдаудың көрінісі. Аудан бойынша ауыз су мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, қазіргі таңда барлық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деді Бақыт Қырғызалиев.

Жоба аясында Жұлдыз ауылындағы 65 тұрғын үй орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Сонымен қатар инфрақұрылым жүргізілген 39 жер телімі де су желісімен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, ауылдағы жалпы саны 367 тұрғын тұрақты әрі сапалы ауыз суға қол жеткізді. Бұған дейін тұрғындар ауыз суды сырттан тасымалдау немесе жеке құдықтарды пайдалану арқылы қажеттіліктерін өтеп келген болатын.

Жаңа магистральды ауыз су жүйесінің іске қосылуы тұрғындардың күнделікті тұрмысын едәуір жеңілдетіп, ауылдағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал етті. Сонымен қатар орталықтандырылған ауыз су жүйесі санитарлық талаптарға толық сәйкес келіп, су сапасының тұрақты бақылауда болуына мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Бәйдібек ауданындағы елді мекендердің 100 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткіш – аудан әкімдігі мен жауапты сала мамандарының ұзақ мерзімді жоспарлы жұмысының нәтижесі. Аудан аумағында су инфрақұрылымын жаңарту, ескірген жүйелерді қайта құру және сумен қамтудың тұрақтылығын арттыру бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасуда.

Сонымен қатар ауданда бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Шаян – Жамбыл – Танатар» елді мекендерінің арасындағы магистральды су құбыры мен су тазарту қондырғыларын қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба бірнеше ауылды қамтып, ауыз су сапасын жақсартуға, су көздерінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Нысанды 2026 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Бәйдібек ауданындағы 14 елді мекенде ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Кеңестөбе, Амансай, Жыланды, Сарыбұлақ, Мыңбұлақ, Тұрақты, Жаңаталап, Ақтас, Кеңсай, Қошқарата, Теректі, Шалдар, Жарықбас және Алмалы ауылдарында су желілерін жаңарту, құбырларды ауыстыру және техникалық ақауларды жою жұмыстары қолға алынған. Бұл шаралар су жүйелерінің ұзақ мерзімді әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңаталап және Жұлдыз елді мекендерінде ауыз су жүйелерінің құрылысы толық аяқталып, ресми түрде пайдалануға берілді. Сонымен қатар 2024 жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен Боралдай, Ағыбет, Жамбыл және Түйетас елді мекендеріндегі ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары басталды. Аталған жобалар өтпелі болып табылады және 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Жалпы, Түркістан облысында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалар жоспарлы түрде іске асырылып келеді. Ауыз сумен толық қамту – өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға, ауылдық аумақтардың дамуына және халықтың денсаулығын нығайтуға оң әсерін тигізеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар