
Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының 2024 жылдың 10 айында атқарылған жұмысының қорытындысы тақырыбында баспасөз брифингі өтті. Басқарма басшысы Маратбек Мықтыбеков атқарылған жұмыстарды қорытындылады.
Шымкент қаласының 2021 — 2025 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторлар тізбесінде спорт саласының 4 көрсеткіші бекітілген. Шаһарда дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50 % — ына дейін жеткізу назарда тұр. Жыл басынан бері қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтырумен шұғылдануға тарту мақсатында қала аумағында 257 спорттық (Халықаралық, республикалық, қалалық, бұқаралық) іс-шара өткізіліп, оған 31 000-ға жуық адам қатысқан.
Басқарма басшысы спорттық жетістіктер, спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша да жүзеге асқан жұмыстарды атап өтті. Қалада бүгінгі таңда сыйымдылығы 35 мың адамды құрайтын FIFA талаптарына сәйкес келетін жаңа футбол стадионы құрылысы басталды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жер телімін тегістеу және қоршау жұмыстары жүргізілуде.
2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 2 ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, 15 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 83 ҚР спорт шебері, 614 спорт шеберлігіне үміткер спортшылар дайындалған. Қала спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, 2144 жүлделі орындарға ие болған.
Сондай-ақ, басқарма басшысы келесі Олимпиада ойындарына дайындық жұмыстарын баяндап, БАқ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.




