Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Тулепов жұмыс сапарымен Созақ және Бәйдібек аудандарында болып, басқармаға қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелердің қызметімен танысты. Іссапардың негізгі мақсаты – орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы жұмыстарды үйлестіру, өндірістік көрсеткіштердің орындалу барысын бақылау және алдағы кезеңге арналған міндеттердің жүзеге асырылуын пысықтау.
Алдымен басқарма басшысы Созақ ауданындағы «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барды. Сапар барысында мекеменің тұқымбағында өсіріліп жатқан көшеттердің сапасына бақылау жүргізілді. 2026 жылғы көктемгі ағаш отырғызу науқанына дайындық мәселелері жан-жақты қаралды. Көшеттердің агротехникалық талаптарға сәйкестігі, тамыр жүйесінің қалыптасуы, суару және күтім жұмыстарының ұйымдастырылуы зерделенді.
Орманды молықтыру және қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар Мемлекет басшысының ел аумағында орман алқаптарын ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Осыған орай, көктемгі отырғызу науқанына сапалы дайындық жүргізу – негізгі басымдықтардың бірі. Басқарма басшысы көшеттердің жерсіну көрсеткішін арттыру, отырғызу технологияларын сақтау және орман күтімі жұмыстарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар мекеменің материалдық-техникалық базасы тексерілді. Орман күзеті автокөліктерінің, арнайы техникалардың, суару жүйелерінің және өртке қарсы құрал-жабдықтардың жарамдылығы қаралды. Техникалардың маусымдық жұмыстарға дайындығы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне ерекше назар аударылды. Орман өрттерінің алдын алу және жедел әрекет ету шараларының ұйымдастырылуы бойынша жауапты мамандардың есебі тыңдалды.
Бұдан кейін басқарма басшысы Бәйдібек ауданындағы «Сырдария – Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде болды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретінде парк өңірдің экожүйесін сақтау мен биоалуантүрлілікті қорғауда маңызды рөл атқарады. Сапар барысында материалдық-техникалық базаның жұмысқа жарамдылық жағдайы зерделеніп, инфрақұрылым нысандарының жай-күйі қаралды.
Табиғи парк аумағында табиғатты қорғау, жануарлар дүниесін сақтау және туристік әлеуетті дамыту бағытындағы жұмыстардың орындалу барысы талқыланды. 2026 жылға арналған жұмыс және өндірістік жоспарлар тексеріліп, жоспарланған іс-шаралардың мерзімі мен сапасына қатысты нақты тапсырмалар жүктелді. Әсіресе, экологиялық ағарту жұмыстарын күшейту, заңсыз аңшылық пен табиғатқа зиян келтіру фактілерінің алдын алу және бақылау шараларын жүйелеу мәселелері қозғалды.
Жұмыс сапары барысында кадрлық әлеуетті арттыру, қызметкерлердің біліктілігін жетілдіру және заманауи технологияларды енгізу қажеттігі атап өтілді. Орман және табиғи парк қызметінің тиімділігі кәсіби мамандардың жауапкершілігі мен материалдық-техникалық қамтамасыз етілу деңгейіне тікелей байланысты екені айтылды.
Сапар қорытындысы бойынша басқарма басшысы бірқатар нақты тапсырмалар беріп, орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар бекітілген жоспарлардың уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету, есептілік пен бақылауды күшейту міндеттелді.
Аталған бағыттағы жұмыс сапарлары алдағы уақытта өзге аудандарда да жалғасын табады. Бұл шаралар басқармаға қарасты мекемелердің қызметін үйлестіруге, орман қорын сақтау мен көбейту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.




