Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен аймақтағы әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелерін қамтыған кеңейтілген жиын өтті. Мәжіліске облыстық құқық қорғау органдарының басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ жауапты басқарма басшылары қатысты. Күн тәртібінде екі негізгі бағыт – білім саласындағы жұмыстың сапасын арттыру және қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мәселелері қаралды.
Жиынды ашқан өңір басшысы қазіргі кезеңде білім саласының сапасын арттыру – елдің дамуы мен қоғамның тұрақтылығының басты кепілі екенін атап өтті. Әкімнің айтуынша, жас ұрпаққа сапалы білім мен ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру — әрбір педагог пен білім саласы басшысының негізгі міндеті болуы тиіс.
📌 – Өскелең ұрпаққа ұлтымыздың салт-дәстүріне, ұлттық болмысына сай тәрбие беру – ұстаздар қауымының басты миссиясы. Бұл бағытта ата-аналармен және қоғаммен өзара байланыс орнату да маңызды. Бүгінгі мұғалім тек білім беруші ғана емес, жас буынға бағыт-бағдар көрсетуші тұлға болуы керек. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен әдістемелік деңгейін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімі өз сөзінде ұстаздардың әлеуметтік жағдайына, кәсіби дамуына және білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасына ерекше назар аудару қажеттігін айтты. 2025 жылдың 9 айында аймақтағы орта білім беру мекемелерінің 7309 мұғалімі біліктілік арттыру курстарынан өткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті айтарлықтай арттыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, әкім білім саласындағы инфрақұрылымдық мәселелерге тоқталды. Қазіргі таңда өңірде жаңа мектептер салу, үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім мекемелерінің мәселесін шешу бағытында нақты жобалар жүзеге асуда. Бұл ретте құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау қажеттігі айтылды.
Мәжілісте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады. Ол мұғалімдердің біліктілігін арттыру, оқу сапасын бақылау, оқу жылының басталуына дайындық және жаңа цифрлық платформаларды енгізу бағытында нақты нәтижелер бар екенін атап өтті.
Баяндамадан кейін облыс әкімі білім саласындағы кейбір өзекті жайттарға тоқталып, нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, мектептерде тәртіп пен қауіпсіздік мәселесін күшейту, балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына жан-жақты қолдау көрсету бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет екені айтылды.
Жиында сондай-ақ, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мәселесі де кеңінен қаралды. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың қоғаммен тығыз байланыста, жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін ескертті.
– Қоғамдағы тұрақтылық – ел дамуының басты кепілі. Әрбір мемлекеттік орган мен жергілікті әкімдік тұрғындармен ашық диалог орнатып, олардың өзекті мәселелерін уақтылы шешуі қажет. Әлеуметтік саясат пен қоғамдық келісім бағытындағы жұмыстар нақты нәтижемен көрінуі тиіс. Барлық саладағы жауапты тұлғалар ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жандандырып, қоғамдық ахуалды тұрақты бақылауда ұстауы қажет, – деді облыс басшысы.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өз кезегінде қала аумағындағы білім беру нысандарының дайындығы, кадрмен қамтамасыз етілуі және оқу процесінің сапасын арттыру бағытындағы шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жүзеге асып жатқан жұмыстармен бөлісті.
Жиын соңында облыс әкімі аудан және қала әкімдеріне, басқарма басшыларына нақты тапсырмалар беріп, әрбір бағыт бойынша жүйелі бақылау орнатуды міндеттеді. Білім сапасын арттыру, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту және жастар тәрбиесіне баса мән беру – өңірдің басты стратегиялық басымдықтары екені атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға тиісті хаттамалық тапсырмалар бекітіліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынатын болды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




