Суббота, 3 октября, 2026
25.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Болашаққа үлкен қадам беретін оқу ордасы

Адам баласы өмірде екі нәрседен жаңылмауы керек деп жатады. Бірі – жар таңдау болса, екіншісі – мамандық таңдау. Мектеп бітіргелі жатқан оқушы осы мамандық пен оқу орнын таңдауы керек болады. Сол кезеңде ҚазҰУ оқу орнын таңдағандардың бірі  мен боламын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – Қазақстанның ең беделді жоғарғы оқу орындарының бірі.

Біздің университетті таңдаудың бірнеше себептерін көрсете аламыз.

Университетіміз QS World University Rankings 2025 халықаралық рейтингінде әлемдегі топ-200 ЖОО қатарына қосылды. Биыл университет 67 позицияға жоғарылап, 230-орыннан 163-орынға көтерілді.

ҚазҰу қалашығының аумағы өте үлкен. Онда заманауи оқу ғимараттары, кітапханамыз, интернет-орталығы, студенттерге қызмет көрсету орталығы “Керемет”, фудкорттар, спорт кешені, сонымен қатар студенттерге ыңғайлы жатақханалар бар. “Керемет” орталығында студентке керекті бәрі бар: дәріхана, супермаркет, медицина орталығы, кинотеатр, т.б. Мысалы,спорт кешенінде футбол, теннис алаңдары, су-спорт кешені бар. Онда студенттерге өз денсаулықтарына көңіл бөлуіне мүмкіндіктер бар.

Университетте  16 факультет, 100 астам мамандық бойынша жоғарғы білім алу мүмкіндігі бар. Студенттер үш тілде оқи алады: қазақ,орыс,ағылшын тілдері.

Тағы бір ерекшелігі, жыл сайын ҚазҰУ-дың 2000-нан астам студенті шетелдік ғылым және білім беру мекемелерінде тілдік тағылымдамадан, сондай-ақ ғылыми тағылымдамадан өтеді. ҚазҰУ Қазақстанның шетелдегі оң имиджін арттыруға белсенді ықпал етеді. Академиялық ұтқырлық арқылы шетелде білім алмастырып келе аламыз. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік болып табылады. Соның ішінде Экономика және Бизнес жоғары мектебінің студенттері академиялық ұтқырлық бойынша Польшадағы «Адам Мицкевич атындағы Познань» университетіне, Турциядағы «Гази» университетіне, Франциядағы «Экс- Марсель» университетіне өтеді.

Студенттердің басқа жағынан да дамуына әсер ететін көптеген ұйымдар бар. Мысалы, “Сұңқар” студенттік кәсіподағы, “Көмек” қоғамдық қоры, “Еріктілер лигасы”, “Жастар рухы”, “Студенттер сенаты” т.б. Ұйымның мүшесі болу студенттердің өзін-өзі басқару механизмдерін жоғарылатуға, шығармашылық қасиеттерін ашуға үлесін қосады. Студенттер әр түрлі олимпиадаларға қатысып, өз білімін шыңдай алады. Бірінші курста “Микроэкономика” пәнінен республикалық олимпиадаға қатысып, бірінші жүлделі орынды иелендік. Топ студенттері: Тохтарбай Кербез – “ҚР жастар саясатының үздігі” (ғылыми жетекші: Андабаева Г.К), Ділдәбек Асия – “Қазақстанның үздік студенті” (ғылыми жетекші: Андабаева Г.К) атты республикалық байқауларда жүлделі орынға ие болды. Сонымен қатар бизнесте жаңа қадам жасаушыларға арналған бизнес инкубаторлар секілді инновациялық құрылымдар да бар.

Біздің университетті аяқтаған, экономиканың түрлі саласында жоғары жетістіктерге жеткен кісілер өте көп.Солардың кейбіріне тоқталсақ: Даулет Мукаев (ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты), Рахман Алшанов  (экономика ғылымдарының докторы, “Тұран” университетінің ректоры), Бауыржан Әлімұлы Мұхаметжанов (Қазақстан Республикасының мемлекеттік және саяси қайраткері, Ішкі істер министрі, заң ғылымдарының докторы), Тұманбай Молдағалиев (қазақтың біртуар ақыны).

Қорытындылай келе, біздің университет 1934 жылдан бастап, қазіргі таңға дейін көптеген рейтингтерде өзінің алғашқы позициясын сақтап келуде. Әрбір студент еліміздің болашағы болып саналады. Ал біздің университет білікті маман даярлауда алдыңғы қатарда. Біз өзіміздің терең тарихы бар университетімізбен мақтанамыз.

Әбіләкім Қамар
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Экономика және бизнес жоғары мектебі
«6B04103 – Экономика» БББ 2 курс студенті

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар