Елдегі үш мегаполистің бірі ретінде Шымкент қарқынды дамып келеді. Әр істі жедел әрі сапалы орындаудың арқасында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жақсарып, халықтың өмір сүру деңгейі артып отыр. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша қаланың жалпы экономикасының өсімі 12 пайызға жетті. Бұл – республика бойынша алдыңғы көрсеткіштердің бірі. Нақты сектор мен қызметтер саласындағы серпін де айқын: тартылған инвестиция 9 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 27 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 42 пайызға, сауда көлемі 19 пайызға, көлік қызметі 26 пайызға ұлғайды. Өнеркәсіптегі өнім көлемі де 2 пайыз өсім көрсетті, яғни өндірістің тұрақты даму үдерісі сақталуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін 1,5 есеге ұлғайтып, еңбек өнімділігін арттыруды тапсырған болатын. Осы міндеттерді орындау үшін Шымкентте биыл құны 78,2 млрд теңгені құрайтын 16 жобаның 12-сі іске қосылды. Қалаға 67,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл – экономиканың сапалы өсуіне, салық түсімдерінің артуына және әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына тікелей әсер ететін нақты нәтиже. Кәсіпорындарда енгізіліп жатқан автоматтандыру мен энергия тиімділігі шешімдері шығынды азайтып, өнім сапасын көтеріп, экспорт әлеуетін күшейтеді.
Индустрияның жаңа толқыны трансұлттық және ірі жеке инвесторлардың келуімен байланысты. Мәселен, «Coca-Cola Içecek Kazakhstan» жобасының құны 27 млрд теңгені құрайды, зауыттың жылдық қуаты 262 млн литр дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді. Ал «Wan Sheng Ceramic» компаниясы салған керамикалық тақтайша зауыты жылына 13 млн шаршы метр өнім шығарады (жоба құны – 25,5 млрд теңге). Келесі жылы кәсіпорынның екінші кезеңі басталып, жылына қосымша 12,5 млн шаршы метр тақтайша өндіру жоспарланып отыр, оның құны 12 млрд теңге болмақ. Мұндай жобалар жаңа технологиялар трансферін әкеліп, жергілікті жабдықтаушылар тізбегін кеңейтеді.
Қысқасы, өндірістік қуаттарды жаңарту мен инвестициялық белсенділіктің артуы қала экономикасының драйверіне айналды. Жұмыс орындарының көбеюі мен орташа жалақының өсуі ішкі сұранысты қолдайды, ал тұрғын үй мен инфрақұрылым құрылысының қарқыны азаматтардың өмір сапасын жүйелі түрде жақсартады. Шымкенттің мақсаты – тұрақты өсім мен жоғары қосылған құнға негізделген жаңа индустриялық модель қалыптастыру.




