ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ағымдағы жылдың 11 шілдесі мен 12 тамызы аралығында кең ауқымды социологиялық зерттеу жүргізді. Зерттеу жұмысына еліміздің барлық 17 облысынан, сондай-ақ республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 мыңнан астам азамат қатысты. Үлкен қамтылу ауқымы бұл сауалнама нәтижелерінің репрезентативтілігін арттырып, қоғамдағы әлеуметтік-саяси үрдістерді нақты бағалауға мүмкіндік берді.
Әлеуметтік замер қорытындысы халықтың Президент институтына деген сенім деңгейінің жоғары әрі тұрақты екенін анық көрсетті. Жалпы алғанда, қазақстандықтардың 82,4%-ы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім білдіріп отыр. Бұл көрсеткіш қазіргі таңда ел азаматтарының басым көпшілігі жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын және мемлекет саясатының бағытын оң қабылдайтынын айғақтайды.
Жас ерекшеліктері бойынша сенім деңгейінде айқын айырмашылық байқалады: ең жоғары көрсеткіш 18–29 жас аралығындағы жастар арасында тіркелген – 90,3%. Бұл жастардың болашаққа сеніммен қарап, реформаларды қолдайтынын көрсетеді. 30–45 жас аралығындағы азаматтардың 82,4%-ы, 46–60 жастағы респонденттердің 78,6%-ы, ал 61 жастан асқан тұрғындардың 77,8%-ы Президентке сенім білдірген.
Сонымен қатар, ауылдық жерде тұратын халықтың сенім деңгейі қалалықтарға қарағанда сәл жоғары болып шықты – тиісінше 84,9% және 80,9%. Бұл ауыл тұрғындарының Президент саясатының әлеуметтік маңызы бар бастамаларына айрықша оң көзқарас білдіретінін аңғартады.
Зерттеу нәтижелері табыс деңгейіне, жұмыспен қамтылуына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, азаматтардың Президентке сенімі шамалас екенін көрсетті. Әсіресе, белгілі бір кәсіби топтар арасында қолдау деңгейі өте жоғары: білім беру саласының қызметкерлері – 89,6%, денсаулық сақтау мамандары – 84,5%, мемлекеттік қызметшілер – 87,1%, құқық қорғау органдарының өкілдері – 96,9%. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының мамандары (86,2%), ғылым қызметкерлері (85,7%), мәдениет пен өнер саласының өкілдері (85,9%) да жоғары сенім көрсеткен.
Жалпы алғанда, зерттеу қорытындысы Қазақстан қоғамында Мемлекет басшысына деген сенімнің тұрақты әрі жоғары деңгейде екенін айқын дәлелдейді. Бұл фактор халықтың мемлекеттік саясатты қолдайтынын, елдің даму бағытын оң бағалайтынын және жүзеге асырылып жатқан реформалардың тиімділігін мойындайтынын көрсетеді.




