Мемлекет басшысы алға қойған су ресурстарын тиімді пайдалану және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер Түркістан облысында нақты әрі жүйелі түрде іске асырылып келеді. Су тапшылығы қаупі күшейіп отырған қазіргі кезеңде өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу, су инфрақұрылымын жаңғырту және аграрлық саланың өнімділігін арттыру бағытында кешенді шаралар қабылдануда. Нәтижесінде Түркістан облысы су үнемдеу технологияларын өндіру және енгізу бойынша республика көлемінде көш бастап тұрған өңірлердің біріне айналды.
Су ресурстарын тиімді пайдалану – еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамытудың стратегиялық бағыты болып табылады. Осы бағытта Түркістан облысында суармалы егіншілікті жаңғырту, су шығынын азайту және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, суды үнемдейтін озық технологияларды кеңінен енгізу басымдыққа ие болып отыр.
Су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс аумағында жалпы қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. Аталған өндіріс орындарында 90 мың гектарға арналған жаңбырлатып суару және 73 мың гектарға арналған тамшылатып суару жүйелері өндіріледі. Бұл кәсіпорындар су үнемдеу технологияларына деген сұранысты жергілікті деңгейде қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес өңірлерді де қажетті құрал-жабдықтармен қамтуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, биыл жылдық қуаттылығы 30 мың гектарды құрайтын тағы 2 жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, су үнемдеу технологияларының кеңінен таралуына серпін береді.
Су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Өңір басшылығы тарапынан ауыл шаруашылығы саласында су ресурстарын ұтымды пайдалану, ылғал сүйгіш дақылдардың тиімділігін арттыру және жаңа технологияларды кеңінен енгізу бойынша нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тұрақты түрде қадағаланып келеді. Осы орайда мақта және күріш сияқты негізгі дақылдарды су үнемдеу технологияларымен егу көлемін арттыруға ерекше назар аударылуда.
Жоспарға сәйкес, 2026 жылға қарай мақта дақылын қарапайым әдіспен 82,8 мың гектар алқапқа, ал су үнемдейтін жаңа технологиялармен 79,6 мың гектар алқапқа егу көзделіп отыр. Бұл агротехникалық тәсілдер мақта шаруашылығында су шығынын азайтып қана қоймай, өнімділікті арттыруға және өндіріс тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, күріш дақылы елімізде алғаш рет Түркістан облысында пилоттық режимде тамшылатып суару технологиясы арқылы егілді. Дәстүрлі тәсілмен күріш өсіру кезінде бір гектар алқапқа 26 мың текше метрге дейін су жұмсалса, жаңа технологияны қолдану нәтижесінде бұл көрсеткіш 15 мың текше метрге дейін төмендеді. Осылайша су шығыны екі есеге жуық қысқарып, су ресурстарын үнемдеудің нақты тиімділігі дәлелденді. Бұл тәжірибе алдағы уақытта өзге өңірлерде де кеңінен қолдануға негіз бола алады.
Облыста суармалы жерлердің тиімділігін арттыру және су шығынын азайту мақсатында су нысандарын қалпына келтіру, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілуде. Мемлекет басшысының суды үнемдейтін озық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмалары өңірде нақты іске асырылып отыр. Атап айтқанда, 2025 жылға су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланғанымен, нақтысында 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жоспар екі еседен астам орындалды. Бұл көрсеткіш облыста атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін айқын көрсетеді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 114 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, нәтижесінде 195 миллион текше метр су үнемделді. Алдағы жылдары жыл сайын қосымша 50 мың гектар алқапқа жаңа технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Осы жоспарды жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы 2030 жылға қарай 364 мың гектар суармалы жерден 622,8 миллион текше метр су үнемдеу көзделіп отыр. Бұл – өңір үшін ғана емес, жалпы елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды көрсеткіш.
Су үнемдеу технологияларының тиімділігі әсіресе мақта шаруашылығында айқын байқалуда. 2025 жылы жаңа технологиямен егілген мақта алқаптары 52,2 мың гектарға ұлғайып, қарапайым әдіспен егілген алқаптар 92,3 мың гектарға дейін қысқарды. Нәтижесінде мақта өнімділігі гектарына 60 центнерге дейін жетіп, 89,3 миллион текше метр су үнемделді. Бұл көрсеткіштер су үнемдеу технологияларының экономикалық және экологиялық тиімділігін нақты дәлелдейді.
Трансшекаралық өзендерге тәуелді болып отырған облыстың оңтүстік өңірлерінде су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі ерекше өзекті. Су тапшылығы тәуекелін азайту, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында алдағы жылдары жыл сайын 50 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар өңірдің су ресурстарына тәуелділігін төмендетіп, климаттық өзгерістерге бейімделу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республика экономикасында маңызды орынға ие. Елдегі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы өңірдің үлесіне тиесілі. Жыл сайын облыста 1 триллион теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Сонымен қатар, еліміздегі суармалы жерлердің төрттен бірі, яғни 575 мың гектар суармалы алқап Түркістан облысында орналасқан. Бұл өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесінің стратегиялық маңызға ие екенін көрсетеді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуына, су ресурстарын сақтауға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындау нәтижесінде облыс су үнемдеу технологиялары саласында республикаға үлгі болып, алдағы жылдары да осы бағыттағы көшбасшылық позициясын сақтайтынына толық негіз бар.




