2025 жылдың 4 қазанында «Бүкіләлемдік тазалық күні» (World Cleanup Day) аясында Еңбекші ауданы аумағында кең ауқымды жалпы қалалық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейту және қала аумағын қоқыстан тазарту арқылы Шымкенттің көркін одан әрі жақсарту болды.
Сенбілікке Еңбекші ауданы әкім аппаратының 560 қызметкері мен 30 арнайы техникасы жұмылдырылып, нәтижесінде 18 тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды. Аудан тұрғындары да бұл бастамадан қалыс қалмай, 3800-ге жуық адам өз еріктерімен қатысып, көшелер мен аулаларды тазарту жұмыстарына белсенді атсалысты.
Сонымен қатар, «Оңтүстік» индустриалды аймағынан 2000 қызметкер мен 4 техника, «Жайлы ортаны дамыту басқармасынан» 26 қызметкер мен 1 техника, Құрылыс басқармасынан 30 қызметкер мен 1 техника, Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан 20 қызметкер мен 1 техника, Ішкі саясат басқармасынан 30 қызметкер мен 1 техника, «ТелҚоңыр» ЖШС-нен 20 қызметкер мен 3 техника, «Водоканал-1» ЖШС-нен 30 қызметкер мен 2 техника, «QazaqGaz Aimaq» ШӨФ-нен 60 қызметкер мен 1 техника, «Қуатжылуорталық-3» МКК-дан 30 қызметкер мен 1 техника, Еңбекші электр тарату бөлімінен 30 қызметкер мен 2 техника, сондай-ақ аудандық полиция бөлімінен 200 қызметкер мен 3 техника тартылды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік және білім беру нысандарынан 3815 қызметкер мен 11 техника белсенді түрде атсалысып, 8 тонна қоқыс жиналды. Жалпы алғанда, сенбілікке 10 651 қызметкер мен 61 техника қатысып, барлығы 45,9 тонна қоқыс шығарылды.
Іс-шара барысында ағаштардың қураған бұтақтары кесіліп, жасыл аймақтарда шөп шабу, жол жиектерін сыпыру, арықтарды тазалау, орындықтар мен қоршауларды сырлау, аялдамалар мен қоқыс алаңдарын ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.
Мұндай ауқымды экологиялық бастама аудан тұрғындарының табиғатты аялауға, туған жерін таза ұстауға деген ықыласын арттырды. Сенбілік соңында Еңбекші ауданының әкімі мен ұйымдастырушылар тазалық жұмыстарына белсене қатысқан мекемелер мен еріктілерге ризашылығын білдіріп, қоғамның ортақ игілігіне үлес қосқандары үшін алғыс айтты.
#ТазаҚазақстан #WorldCleanupDay #ШымкентТазаҚала




