Воскресенье, 4 октября, 2026
21.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

«ЕСКІ ПЛАСТИНКА» АҒА БУЫННЫҢ ЖАНЫН ЖАДЫРАТТЫ

Шымкенттің көрікті Орталық саябағында тамаша дәстүрге айналған ерекше кеш – «Ескі пластинка» атты концерт өтті. Іс-шараны қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен славян этномәдени бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды. Шаһар тұрғындары мен қонақтары асыға күткен бұл концерт аға буынның көңілін көтеріп, олардың жастық шақтағы естеліктерін қайта жаңғыртты.

Музыкалық кештің басты мақсаты – тыңдармандарға өткен ғасырдың мәңгілік ескірмейтін әуендерін ұсыну арқылы қоғамдағы достық, сыйластық пен өзара құрмет сынды құндылықтарды дәріптеу. Сонымен қатар, үлкендерге ерекше ілтипат білдіріп, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастардың да ұлттық және рухани құндылықтарға құрметін арттыру болды.

Концерт барысында шымкенттіктерге жақсы таныс, ел арасында кеңінен танылған өнерпаздар мен музыкалық топтар сахна төріне шықты. Шымкент қаласы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүркен Әлімқұлов шараға арнайы қатысып, жиналған жұртшылықты және ұлағатты ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол өз сөзінде татулық пен өзара сенім қалыптасқан қоғамда бірлік пен сыйластықтың әрдайым басты құндылық болып қала беретінін ерекше атап өтті.

Саябаққа жиналған қала тұрғындары мен қонақтарының алдында шымкенттіктердің сүйікті «Южный город» тобы, сондай-ақ Людмила Наумова, Алексей Скибин, Нұрлан Жұбаниязов, Разия Гареева, Светлана Артёмова, София Карпец және Светлана Рашидова сынды талантты әншілер өз өнерлерін паш етті. Әр орындаушы көрермендерге таныс, жүрекке жылы, өткен шақтың әуендерін ерекше шабытпен орындады.

Кештің көркін еліміздің үшінші мегаполисі тұрғындары арасында үлкен беделге ие «Фонограф» ретро-тобы қыздырды. Топ мүшелері әрбір музыкалық композицияны өзіндік нақышпен, жанды эмоциямен жеткізіп, тыңдармандарды 60–80 жылдардың атмосферасына жетеледі. Көпшілік әнге қосылып, ескі әуендерге билеп, шын мәнінде көңілді кештің куәсі болды.

Мерекелік шара барысында Орталық саябақ ерекше әсем безендіріліп, әуенге толы алаң үлкендер мен жастардың басын қосты. Концерт соңында көрермендер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай рухани кештер алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.

«Ескі пластинка» концерті – тек естелік кеш емес, ол аға буынның жадында қалған алтын кезеңдерді еске түсіріп, жастарға рухани сабақ болған жылы шара ретінде есте қалды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар