Воскресенье, 4 октября, 2026
21.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ

Шымкент қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Халықтар достығы – халық қазынасы» атты мерекелік концерт өтті. Бұл іс-шара еліміздегі түрлі этностардың мәдениеті мен өнерін насихаттау арқылы бірлікті нығайтуға, достық пен өзара сыйластықтың маңызын дәріптеуге бағытталды. Шараны қалалық иран этномәдени бірлестігі ұйымдастырып, оған қала тұрғындары мен этномәдени бірлестік өкілдері кеңінен қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік – байлықтың бастауы» қағидатын ұстана отырып, этностар арасындағы келісім мен татулықты одан әрі бекемдеу. Қатысушылардың айтуынша, мұндай мәдени басқосулар түрлі ұлт өкілдерінің өзара жақындасуына, мәдени және рухани байланыстардың күшеюіне үлкен серпін береді.

Концертке Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері мен этномәдени орталықтардың жетекшілері, қала тұрғындары қатысты. Кеш барысында бауырластықтың, татулық пен келісімнің рухы сезілді.

Қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүркен Әлімқұлов құттықтау сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау жолындағы еңбегін атап өтті.
– Біздің басты құндылығымыз – бірлік пен өзара құрмет. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы қағидатты берік ұстанып, түрлі этностарды ортақ мақсатқа біріктіріп келеді. Осындай мәдени шаралар халықтар арасындағы достық пен түсіністікті нығайтып, татулықтың тұғырын бекемдей түседі, – деді ол өз сөзінде.

Мерекелік концерт барысында иран этномәдени бірлестігінің мүшелері өз халқының бай мәдени мұрасын паш етті. Сахна төрінде ұлттық билер мен әуендер орындалып, көрермен қауымға парсы халқының дәстүрі мен өнерінен сыр шертетін көріністер ұсынылды. Сонымен қатар, өзге этномәдени бірлестіктердің өкілдері де мерекелік кешке атсалысып, өздерінің ұлттық киімдері мен өнерлерін көрсетті. Әр ұлттың әуені мен биі бір сахнада үндесіп, «бір шаңырақ астындағы» Қазақстанның мәдени әралуандығын айшықтады.

Кеш соңында барлық қатысушылар бірлесе орындаған «Қазақстан – Отаным» әні мерекенің көрігін келтіріп, достық пен бейбітшіліктің айқын символына айналды. Көрермендер үлкен әсер алып, әртістерді ұзақ қол шапалақпен шығарып салды.

Мұндай рухани іс-шаралар ел бірлігін нығайтып, жас ұрпаққа өзге халықтардың мәдениетін құрметтеу мен татулықтың қадірін ұғындыруда маңызды рөл атқарады. Өйткені халықтар достығы – елдің ең қымбат қазынасы, ал бейбітшілік – оның мәңгілік тұғыры.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар