Мемлекет басшысының энергия тиімділік саясатын іске асыру, жасыл экономика қағидаттарын білім беру саласына енгізу, экология мен қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі тапсырмалары аясында Келес ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі – аудандық №2 балабақшада табысты жүзеге асырылып жатқан «Жасыл балабақша» жобасы.
Аталған жоба мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастыруды көздейді. Балабақша ауласында және арнайы жабдықталған бөлмелерде экологиялық тәрбиеге арналған жасыл аймақтар жасақталып, балаларға өсімдіктерді отырғызу, күтіп-баптау және табиғи үдерістерді түсіну дағдылары үйретілуде. Бұл бастама бүлдіршіндердің табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға баулиды.
Қазіргі таңда балабақша тәрбиеленушілері 10-ға жуық өсімдік түрін өз қолдарымен өсіруде. Олардың қатарында көкөніс дақылдары, сәндік гүлдер, дәрілік және бөлме өсімдіктері бар. Балалар тәрбиешілердің көмегімен күнделікті су құю, топырақты қопсыту, өсімдіктердің жапырақтарын тазалау, олардың өсу ерекшеліктерін бақылау сынды жұмыстарды атқарады. Мұндай тәжірибелік іс-әрекеттер балалардың еңбекке баулу дағдыларын дамытып қана қоймай, табиғатқа ұқыптылықпен қарау мәдениетін қалыптастырады.
«Жасыл балабақша» жобасы жасыл экономика қағидаттарына толықтай сай келеді. Балабақшада өсімдіктерді органикалық әдіспен баптау, химиялық қоспаларды қолданбай өсіру, табиғи тыңайтқыштарды пайдалану тәжірибесі енгізілген. Сонымен қатар, балаларға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеудің маңызы туралы шағын сабақтар өткізіліп, ресурстарды тиімді пайдалану мәдениеті қалыптастырылуда.
Балабақшада энергия тиімділік саясатына сәйкес нақты шаралар жүзеге асырылуда. Балаларға жарық пен жылуды үнемді пайдалану, артық энергия шығынын болдырмау, электр құралдарын қауіпсіз әрі тиімді қолдану жөнінде қарапайым әрі түсінікті түсіндірмелер беріледі. Бұл тәсілдер балалардың күнделікті өмірде энергия ресурстарына жауапкершілікпен қарауына негіз қалайды.
Сонымен қатар, жоба экология мен су ресурстарын қорғау бағытындағы тәрбиелік жұмыстарды қамтиды. Балаларға су – тіршілік көзі екені, оны үнемдеу және ластамау қажеттілігі түсіндіріледі. Өсімдіктерді суару кезінде суды мөлшерлеп қолдану арқылы табиғи ресурстарды қорғау дағдылары тәжірибе жүзінде көрсетіледі.
Балабақшада жүргізіліп жатқан жұмыстар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаттарымен де үйлеседі. Аумақты таза ұстау, қоқысты бей-берекет тастамау, қоршаған ортаны қорғау тақырыбында тәрбиелік әңгімелер, танымдық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл балалардың экологиялық санасының қалыптасуына оң әсер етеді.
Сонымен қатар, көгалдандырылған аумақтар мен табиғатқа жақын тәрбие беру әдістері болашақта экологиялық туризмді танымал етуге негіз болатын экологиялық ойлау жүйесін қалыптастырады. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру қағидаттарын ерте жастан меңгерген ұрпақ туған өлкенің табиғи байлығын сақтауға және насихаттауға үлес қосады.
Келес ауданындағы бұл бастама тек балабақша деңгейіндегі жоба ғана емес, өңірде экологиялық жауапкершілікті қоғамның барлық деңгейінде қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. «Жасыл балабақша» жобасы – болашақта энергия тиімді, экологиялық сауатты және табиғатқа жанашыр азаматтарды тәрбиелеудің жарқын үлгісі.




