Воскресенье, 4 октября, 2026
21.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

КӨКСАЙ: 8 ОТБАСЫҒА ЖАҢА ПӘТЕР БЕРІЛДІ

Шымкент қаласында Көксай шағынауданының келбетін жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар жалғасуда. Халық арасында «Зеленая балка» деген атаумен белгілі бұл елдімекеннің тарихы ғасырдан астам уақытты қамтиды. 1915 жылы теміржол құрылысы басталған кезеңде мұнда алғашқы тұрғындар қоныстана бастаған. Содан бері аймақ қаланың тарихи бөлігіне айналып, өзіндік өмір салты мен мәдени болмысы қалыптасты.

Бір кездері Көксай «Нахаловка» деп те аталып кеткен. Себебі, өткен ғасырдың ортасында тұрғындардың көбі үйлерін өз бетінше, ресми рұқсатсыз тұрғызған еді. Уақыт өте келе мұндағы баспаналардың көбі ескі әрі апатты жағдайға жетті. Инженерлік инфрақұрылым да тозып, тұрғындардың өмір сүруіне қолайсыздық туғызды. Осыған байланысты халық бірнеше рет тұрғын үй сапасы мен қауіпсіздігі жөнінде мәселе көтерген болатын.

Қала әкімдігі бұл шағынауданның проблемаларына бейжай қараған жоқ. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, маңызды шешім қабылдады. Нәтижесінде, Көксай шағынауданын қайта жаңғырту тұжырымдамасы қабылданып, оның алғашқы кезеңі ретінде көппәтерлі үйлерді жаңарту және тұрғындарды жаңа баспаналарға көшіру бағдарламасы жүзеге аса бастады.

Бағдарлама аясында бүгінге дейін 9 көппәтерлі үйден 83 отбасы жаңа пәтерге қоныс аударып үлгерді. Бұл – тұрғындардың көп жылдан бергі арманының орындалуы. Бүгін сол игі бастаманың жалғасы ретінде Нұрлыбаев көшесінде тұратын тағы 8 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды.

Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков қуаныш иелерін қоныс тойымен құттықтап, жаңа үйлердің жайлы болуын, әр шаңырақта береке мен шаттық орнауын тіледі. Әкім атап өткендей, жаңа пәтерлер заманауи талаптарға сай салынып, барлық инженерлік жүйелермен қамтамасыз етілген. Әр отбасының бөлме саны бұрынғы пәтерлердің өлшеміне сәйкес келетіндей етіп жоспарланған.

Көксай шағынауданындағы құрылыс жұмыстары мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта мұнда аудандық әкімшілік ғимараты, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, әлеуметтік нысандар, көпқабатты тұрғын үйлер мен демалыс саябақтары бой көтереді. Сондай-ақ, қолданыстағы мектептің аумағы кеңейтіліп, Көпфункционалды сауда-логистикалық орталығының құрылысы қолға алынбақ.

Жаңғырту тұжырымдамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл жоба тек инфрақұрылымды жақсарту ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама болып отыр.

Көксайдың жаңаша тынысы – Шымкент қаласының тұрақты дамуы мен заманауи урбанизацияның нақты көрінісі.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар