Четверг, 1 октября, 2026
17.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсырма берді:

Қазақстанның дамуының жаңа кезеңі: энергия, жер, салық және білім салаларындағы стратегиялық бағыттар

Алдағы бес жылда Қазақстанда қуаты 6,3 гигаватт болатын жаңартылатын энергия көздерінің нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздің энергетикалық балансындағы «жасыл» энергияның үлесін айтарлықтай арттырып, экологиялық тұрақтылық пен энергия тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлау қажеттігін атап өтті. Бұл – елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және энергия тапшылығын болдырмауға бағытталған стратегиялық шешім.

Президент өз сөзінде азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайту Үкіметтің басты стратегиялық міндеттерінің бірі екенін ерекше атап өтті. Толық өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкін болмағанымен, ішкі өндірісті күшейту – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. «Қазіргі нарықтағы жағдайды айтудың өзі ұят, сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерінің отандық өндірісін арттыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

2022 жылдан бері жалпы ауданы 13,5 миллион гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғанымен, әкімдіктер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер пайдаланушыларға бөліп берген. Президенттің айтуынша, «иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет». Сондықтан әкімдіктерге қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізу міндеті жүктелді. Бұл шара жайылым тапшылығын шешуге де ықпал етеді.

Жер бөлу үдерісі толық цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Осы мақсатта Үкіметке жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу тапсырылды. Сонымен бірге, жасанды интеллект пен спутниктік мониторинг технологияларын қолдану арқылы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді бақылау тетіктерін жетілдіру қажет екені айтылды.

Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін әзірлеу барысында тек қолданыстағы нормаларды өзгертумен шектелмей, салық жүйесін түбегейлі жаңарту қажет екенін атап өтті. Жаңа құжат салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталуы тиіс. «Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс», – деді Президент.

Білім беру саласында да жаңашыл бастамалар бар. Президент қашықтан оқыту тәсілі мен жасанды интеллект технологиясына негізделген «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуді ұсынды. Бұл жоба ауылдық өңірлердегі білім сапасын арттыруға, мұғалім тапшылығын азайтуға және цифрлық теңсіздікті төмендетуге мүмкіндік береді.

Осылайша, Жолдауда белгіленген бастамалар – елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, агросекторды жаңғыртуға, әділетті салық жүйесін құруға және білім беру сапасын арттыруға бағытталған кешенді стратегиялық бағдар болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар