Қазақстан халқының тілдері мерекесі қарсаңында Абай атындағы орталық кітапханада «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты мазмұнды дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген қоғам қайраткерлері, ардагер ұстаздар, мәдениет саласының өкілдері мен жастар қатысты.
Шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, сондай-ақ этнос өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген ынтасын арттыру болды. Бұл басқосу ел бірлігін нығайтуға, ұлттық болмысты сақтауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Дөңгелек үстелге «Тіл жанашыры», «Құрмет» белгісінің иегері Қабыл Дүйсенбі, Абай атындағы орталық кітапхананың директоры Нұрила Серікбайқызы, ардагер ұстаздар Жарқынай Арысбаева, Гүлжан Талипбаева, Әбила Көздібаева, Балтакүл Бағысбаева, Мамыркүл Тілеуқабылова, Шымкент қалалық филиалы мен қала білім басқармасының Әдістемелік орталығының өкілдері, «Ассамблея жастары» ұйымының мүшелері Нурхаят Байрамова мен Севинч Азаматова және өзге де тіл жанашырлары қатысты.
«Мемлекеттік тіл – елдің айбыны, рухани тірегі. Қазақ тілін дамыту – тек мемлекеттік саясаттың ғана емес, әрбір азаматтың жүрек қалауынан туындайтын қасиетті міндет. Біз тілді құрметтеген сайын, өз болмысымызды, өз елдігімізді құрметтейміз», — деп атап өтті Қабыл Дүйсенбі.
Жиында мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттырудың нақты тетіктері, жас ұрпақтың тілге деген сүйіспеншілігін күшейту жолдары, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті насихаттаудағы мектептер мен қоғамдық ұйымдардың ынтымақтастығы жан-жақты сөз болды. Қатысушылар қазақ тілін дамытуға бағытталған жаңа жобаларды қолдау қажеттігін, тілдік ортаны кеңейту мен жастардың белсенділігін арттырудың маңызын ерекше атап өтті.
Шара соңында қатысушылар мемлекеттік тілдің болашағы – әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына байланысты екенін және тілге деген құрмет ұлт бірлігінің басты кепілі саналатынын тағы бір мәрте айқын жеткізді.




