Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы қала аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен мемлекет меншігіндегі нысандарға атау беру және қайта атау жұмыстарын қолданыстағы заңнама талаптарына сай жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Қазіргі таңда қала аумағында жалпы саны 3 865 көше бар. Оның ішінде 2 704 көше тарихи, географиялық және дәстүрлі атауларға ие болса, 988 көше белгілі тұлғалардың есімдерімен аталған. Сонымен қатар, 226 көшенің атауы ескірген, 173 көшеге атау берілмеген, ал 44 көшенің атауы қайталанып отыр.
Жүргізілген талдау нәтижесінде идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды заманауи әрі тарихи әділеттілік қағидаттарына сай өзгерту және атауы жоқ көшелерге жаңа атаулар беру бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. 2025 жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 20 тұлғаның есімін беру ұсынылып, соның 10-на келісім алынған.
Биыл Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында 11 көше мен 1 аллеяға жаңа атау беріліп, 8 көше қайта аталды. Олардың ішінде 11 атау – тарихи жер-су және дәстүрлі атаулар, ал 9 атау – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерімен байланысты.
Қазіргі уақытта 465 көшеге қатысты 2026–2027 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, ол Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсынылды. Бұл құжат келесі жылдары қаладағы көше атауларын кезең-кезеңімен жаңартуға негіз болмақ.
Шымкент қаласында көше атауларын жаңарту мен ономастика саласындағы бастамалар — ұлттық бірегейлікті нығайтуға, тарихи жадыны жаңғыртуға, және жастарға туған жердің рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болып саналады. Бұл шаралар қала келбетін заманауи әрі ұлттық сипатта қалыптастыруға, сонымен бірге халықтың мәдени санасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек хабарлады.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/mP9jccfb70g?si=stxI4OA3bx20rutd
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




