Вторник, 6 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ОРДАБАСЫДА МОЛШЫЛЫҚ ПЕН БЕРЕКЕНІҢ МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТТІ

Бүгін Ордабасы ауданында дәстүрге айналған молшылық пен берекенің мерекесі — «Алтын күз – 2025» және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні кең көлемде ұйымдастырылып, аудан тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше рухани әрі маңызды шараға айналды. Бұл мереке — жер емген диқандардың, маңдай терімен өнім өндіріп жүрген шаруалардың және ауылдық өңірдің дамуына үлес қосып жүрген мыңдаған еңбек адамдарының еңбегін дәріптейтін ерекше күн.

Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, облыстық «Amanat» партиясы филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Раймбеков, ауданның құрметті азаматтары, ауыл шаруашылығы саласындағы ардагер мамандар, шаруашылық жетекшілері және жергілікті тұрғындар қатысты. Бұл — аудан өміріндегі маңызды жетістіктер мен жаңалықтарды паш ететін, еңбек адамдарына арналған шынайы құрметтің көрінісі болды.

Мерекелік алаңда ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жылдық көрсеткіштері мен жетістіктері жан-жақты таныстырылды. Атап айтқанда, заманауи ауылшаруашылық техникаларының көрмесі, жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі және асыл тұқымды малдардың көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Бұл көрмелер шаруалардың жаңа технологияларды игеру деңгейін көрсетіп қана қоймай, ауданның аграрлық әлеуетінің жылдан-жылға артып келе жатқанын айғақтады.

Аудан әкімі Азат Оралбаев жиналған қауымды құттықтап, ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы стратегиялық рөлін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде:

— «Бүгін біз молшылық пен берекенің, ырыстың мерекесін атап өтудеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру жөніндегі тапсырмаларымен үндесе отырып, Ордабасы ауданында агроөнеркәсіп кешені тұрақты даму жолына түсті. Бұл — шаруаларымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Халқымыздың “Жері байдың — елі бай», “Еңбек түбі — береке” деген сөздері ауыл еңбеккерлерінің маңдай терімен дәлелденіп келеді. Бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында ауданымыз әрдайым береке мен ырыстың ордасы болып қала беретініне сенімдімін», — деді.

Ағымдағы жылы аудан көлемінде 71 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 6 925 гектар алқап су үнемдеу технологиялары арқылы игеріліп, бұл бағытта озық тәжірибелер енгізілуде. Су ресурстарын үнемдеу — аудан үшін өзекті мәселенің бірі болғандықтан, осы саладағы жаңа технологиялар тиімділігін көрсетуде.

Жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша да айтарлықтай жетістіктер бар. Шұбарсу ауыл округінде 15 гектар жер телімі бөлініп, 42 шаруаға табысталды. Оның 30-ы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген қаржыландыру алып, жылыжайларын іске қосып үлгерді. Нәтижесінде 23 кәсіпкер алғашқы өнімдерін жинап, ішкі нарыққа шығара бастады. Осылайша, аудан аумағындағы жылыжайлар көлемі 134 гектарға жетіп, Ордабасы өңірдің ірі жылыжай орталықтарының біріне айналып келеді.

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту ісі де жүйелі түрде жүргізіліп, шаруалар биыл 144 дана жаңа техника сатып алды. Бұл еңбек өнімділігін арттыруға, өнім сапасын көтеруге және жерді тиімді игеруге мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, аудан бойынша биыл өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 450 мың тоннаға жетіп, оның құны 55,9 млрд теңгені құрады. Мал шаруашылығы саласында да өсім байқалып, төрт түліктің жалпы саны 560 мың басқа жетті.

Мерекелік шара барысында ауыл шаруашылығы саласында үздік нәтиже көрсеткен мамандар облыс және аудан әкімдігінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бұл марапаттар — еңбек адамдарының кәсіби шеберлігін, ауылдың дамуына қосқан үлесін мойындаудың белгісі.

Шара соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен жас таланттарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарлама тұрғындарға ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап, жергілікті өнімдердің сапасы мен тәлімін жоғары бағалады.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар