▪️Отырар – қазақ руханиятының алтын бесігі, өркениет пен мәдениеттің мәңгілік мекені. Биыл бұл қасиетті өлке – Отырар ауданы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтіп отыр. 90 жылдық тарихи жол, сан ғасырлық дәстүрлер мен мәдениет сабақтастығы, елге қызмет еткен ұлағатты тұлғалар – осының бәрі мерейтойдың маңызын арттыра түседі. Бұл тарихи кезеңді мерекелеу аясында ауданда әртүрлі мәдени, қоғамдық, ғылыми және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылып, халықтың ерекше ықыласына бөленді.
▪️Мерейтой аясында аудан орталығында ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арналған «Берекелі – алтын күз» атты жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде аудан диқандары мен шаруа қожалықтарының үздік өнімдері, заманауи ауыл шаруашылығы техникалары, қолөнер шеберлерінің туындылары және ұлттық жәдігерлер көрмеге қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Әр көрме орны ұлттық дәстүрлерді дәріптеп қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы жаңалықтар мен жетістіктерді таныстыруға бағытталған болатын. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасының заманауи үлгілері мен инновациялық шешімдері қатысушыларға толық таныстырылды, оларды қолдану тәжірибесі жайлы ақпарат берілді.
▪️Салтанатты іс-шара ауданның тарихи тұлғаларының шеруімен ашылды. Мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаеваның орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әні көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл ән аудандағы рухани өмірдің, мәдениеттің және дәстүрдің байлығын паш ететін ерекше қойылым болды. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан озат шаруаларды марапаттады. Өз сөзінде ол:
«Отырар ауданы – елдің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан өңір. Бүгінгі жетістіктер – халықтың табанды еңбегі мен туған жерге деген адал қызметінің жемісі. 90 жылдық мерейтой – өткенге тағзым, болашаққа сеніммен қадам басар сәт,» – деді.
▪️Аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов мерекелік медальдармен марапаттаулар жүргізіп, қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев, Қуаныш Айтаханов, профессор Әбдірахман Омбаев және Жеңісбек Мәуленқұловтар өздерінің жүрекжарды тілектерін білдірді. Мерейтой аясында өткізілген шаралар аудан тұрғындарына рухани қуат беріп, өткен мен бүгінді байланыстыратын көпір болып қызмет етті.
▪️Аудандық мәдениет сарайында «Ұлы даланың жүрегі – Отырар: тарих, мәдениет және дәуір» атты ғылыми-танымдық конференция өткізілді. Конференцияға ауданның зиялы қауымы, өлкетанушылар мен тарихшылар қатысты. Конференция модераторы – отырарлық ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Серік Сейітман. Конференция алдында көпшілік отырарлық қылқалам шебері Әділхан Мәліктің «Көне де жаңа Отырар – қазақ тарихының тұмары» атты жеке көрмесін тамашалады. Көрмеде тарихи жәдігерлер, карталар, архивтік деректер мен Отырардың ежелгі кезеңдеріне қатысты материалдар көпшілік назарына ұсынылды.
▪️Сонымен қатар, танымал азаматтар – Қуаныш Айтаханов, еңбек ардагері Әлімжан Құртаев, этнограф Абдулла Жұмашов аудандың өткені мен бүгінгісіне шолу жасап, тарихи ойларымен бөлісті. Конференция аясында Отырардың 90 жылдық шежіресін қамтыған естелік кітаптың тұсауы кесіліп, оны аудан тұрғындары мен қонақтар мақтанышпен тамашалады.
▪️Конференцияда сөз алған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері Абай Балажан бұқаралық ақпарат құралдарының рухани рөлін атап өтіп, «Отырар алқабы» газетінің тарихына шолу жасады. Өлкетанушы Бекжан Бейсенбай Отырардан шыққан 30-дан астам ғұлама жайлы және көне Отырар кітапханасының жаңалықтарымен бөлісті. Бұл шара жастарға тарихи сананы қалыптастыруға, Отырардың мәдени мұрасын сақтау мен дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды.
▪️Мерекенің шарықтау шегі – «Құт мекенім – Отырар» атты салтанатты гала-концерт болды. Биыл ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туғанына – 95 жыл, халық ақыны Әселхан Қалыбекованың – 75 жыл, сатирик Көпен Әмірбектің – 75 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл кешке өнерсүйер қауым көптеп жиналды. Гала-концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Бесбаев, Ғазизхан Шекербек, Қуандық Рақым, Дана Кентай, Мархаба Сәби, Әділет Жауғашар және «Alatau voice» квартеті өнер көрсетті.
▪️Жүргізушілер – белгілі шоумен Жанатбек Бәйтеков пен тележүргізуші Ақбота Нұр – мерекелік кештің көркін аша түсті. Аудан басшысы мен мәслихат төрағасы мерейтой иелерін құттықтап, арнайы марапаттар табыстады. Кеш соңында отшашу атылып, ел тұрғындары шат-шадыман көңіл күймен тарқасты.
▪️Отырар – өткенімен өнегелі, болашағымен нұрлы мекен. 90 жыл ішінде бұл өлке талай тарихты бастан кешіріп, елге өнеге болған тұлғаларды өсірді. Бүгінгі той – өткенге тағзым, келешекке сеніммен қарау. Ел рухын көтеретін, ұрпақты ұлтжандылыққа баулитын мұндай мерекелер мәңгілік ел мұратын жалғауға жол аша бермек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




