Вторник, 6 октября, 2026
8.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Отырар ауданында ауыл тұрғындары 100 мың көшет егу арқылы туған жерді көркейтуге үлес қоспақ

Түркістан облысының Отырар ауданында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және жасыл желектерді көбейтуге бағытталған ауқымды қоғамдық бастама жүзеге асырылуда. Көксарай ауылында бастау алған бұл игі іс ауыл тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығы мен жауапкершілігін айқын көрсетіп отыр. Жергілікті халық бірігіп, ауыл аумағында жасыл желектерді көбейту арқылы экологиялық ахуалды жақсартуды және елді мекеннің көркін арттыруды мақсат еткен.

Аталған бастамаға ауыл жастары мен еңбекке қабілетті тұрғындар ғана емес, жасы 70-ке келген қарияларға дейін белсенді атсалысуда. Елді мекенге кіретін негізгі күре жол бойына көшеттер отырғызылып, қоршау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ауылдың ішкі көшелерінде көгалдандыру, жасыл аймақтарды қалыптастыру жұмыстары қарқынды қолға алынған. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттырып, табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастыруға оң ықпал етуде.

Көксарай ауылында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов арнайы барып танысты. Аудан басшылары ауыл тұрғындарымен бірге көшет отырғызып, ортақ іске үлес қосты. Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындардың белсенділігін жоғары бағалап, бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүзеге асырылып келеді. Осы бастама аясында аудан көлемінде тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып, елді мекендерді таза ұстау және көркейту жұмыстары жүргізілуде. Көксарай ауылында бастау алған бұл игі іс – тұрғындардың бірлігі мен ұйымшылдығының нақты көрінісі. Мұндай бастамалар басқа ауылдарға да үлгі болуы тиіс. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады, – деді аудан әкімі.

Қоғамдық шараға ауыл ақсақалдары, жастар және белсенді азаматтар белсене қатысып, бірлесе атқарылған еңбектің нәтижесінде ауылдың келбеті едәуір өзгеретініне сенім білдірді. Бірлік пен ынтымақтың арқасында жүзеге асып жатқан бұл бастама ауыл тұрғындарының өз ортасына деген жауапкершілігін арттырып, ортақ іске жұмылуға үндейді.

Абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары аясында ауыл аумағында шамамен 15 шақырым жер қоршалып, 8 мыңға жуық түрлі көшет егілді. Егілген көшеттердің қатарында өңірдің климаттық жағдайына бейімделген ағаш түрлері бар. Алдағы екі жыл ішінде бұл бастаманы кеңейтіп, егілетін көшеттердің жалпы санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш Көксарай ауылының ғана емес, жалпы ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосады.

Жасыл желектердің көбеюі ауылдағы ауа сапасын жақсартып, шаң-тозаңды азайтуға, жаз мезгілінде қолайлы микроклимат қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай жұмыстар ауылдың эстетикалық келбетін жақсартып қана қоймай, өскелең ұрпақты табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеудің тиімді тетігі болып табылады.

Жалпы алғанда, Отырар ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл бастама «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаттарымен толық үндеседі. Ауыл тұрғындарының белсенділігі мен ынтымақтастығының арқасында туған жерді көркейту, табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар