Қазан айы – еліміздің рухани өмірінде ерекше орын алатын мерекелерге толы ай. Осы кезеңде Шымкент қаласында тұрғындардың көңілін көтеріп, ұлттың құндылықтары мен бірлігін дәріптеуге бағытталған көптеген мәдени, әлеуметтік және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Айдың алғашқы мерекесі – 1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл күн аясында аға буын өкілдеріне ерекше құрмет көрсетіледі. Қала бойынша қарттар үйлерінде концерттер мен кездесулер өтіп, ардагерлерге жылы лебіздер мен сыйлықтар табыс етіледі. Ал басты салтанатты жиын сағат 12:00-де «Royal Rose» мейрамханасында өтпек. Мұнда түрлі салада ұзақ жылдар еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқан 200-ден астам ардагерге сый-құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталады.
5 қазан – Ұстаздар күніне арналған іс-шара 3 қазанда «Қызғалдақ» сарайында ұйымдастырылады. Бұл мерекелік кеште ұстаздарға арналған концерттік бағдарлама қойылып, оқушылар мен жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салады. Сондай-ақ, үздік педагогтар мен білім саласының қызметкерлеріне марапаттар мен құрмет белгілері табыс етіледі.
19 қазан – Құтқарушылар күні де ерекше аталып өтеді. Бұл мереке Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе ұйымдастырылып, «Қызғалдақ» сарайында салтанатты жиын және концерттік бағдарлама түрінде өтеді. Биыл құтқарушылар өздерінің кәсіби мерекесін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығымен қатар атап өтуде. Осыған орай елімізде «30 жылдыққа – 30 игі іс» атты республикалық акция іске асырылуда. Шымкенттік құтқарушылар да бұл бастамаға белсене қатысып, ардагерлер мен балаларға қолдау көрсету, табиғатты қорғау және жануарларды қорғауға арналған бірқатар қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруда.
Айдың соңына қарай ең маңызды мемлекеттік мереке – 25 қазан – Республика күні кең көлемде тойланады. Бұл күнге орай қалада екі күндік ауқымды іс-шаралар жоспарланған. 24 қазанда «Қызғалдақ» сарайында салтанатты жиын өтіп, еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік және жергілікті наградалар, сондай-ақ «Құрметті азамат» атағы табысталады. Ал 25 қазанда Астана алаңында сағат 20:00-де ашық аспан астында үлкен гала-концерт ұйымдастырылып, еліміздің танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнер ұжымдары қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді. Ол биылғы мерекелік іс-шаралардың барлығы халықтың белсенді қатысуымен, бірлік пен татулық рухында өтетінін атап өтті.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/0BWUpHWDaXQ?si=ObcnD-KnaQUa2X3P
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




