Биыл Қазақстан Республикасының тарихында аса маңызды оқиғалардың бірі – Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Бұл тарихи құжат еліміздің тәуелсіздікке бастар жолындағы шешуші кезеңнің бастауы болып, қазақ халқының мемлекет ретінде дербестікке ұмтылуының айқын көрінісі болды. Декларация – елдің мемлекеттік егемендігіне, ұлттық бірлік пен құқықтық дербестігін сақтауға бағытталған стратегиялық құжат болды.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған Декларация Қазақстанның мемлекеттік дербестігін айқындап, егемен мемлекеттің құқықтық, саяси және экономикалық негізін қалды. Бұл құжатта республика аумағының тұтастығы, мемлекеттік биліктің тәуелсіздігі, ұлттық мүддені қорғау қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелері нақты түрде белгіленді. Декларацияда елдің сыртқы саяси тәуелсіздігі мен халықаралық қатынастардағы дербестік қағидалары да бекітілді, бұл Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы беделін арттыруға жол ашты.
Декларацияның қабылдануы – елдің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуындағы тарихи бетбұрыс болды. Ол кейінгі Конституциялық реформалар мен Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның қабылдануына негіз қалап, Қазақстанның егемен ел ретінде халықаралық аренада мойындалуына мүмкіндік жасады. Мемлекеттік егемендік туралы Декларация – халқымыздың азаттыққа, дербестікке және ұлттық бірлікке ұмтылысының символы болып табылады. Бұл құжат еліміздің демократиялық, құқықтық және зайырлы мемлекет ретінде дамуының бастауы болып, мемлекеттік құрылым мен басқару жүйесінің жаңаруына, ұлттық заңнаманың қалыптасуына және азаматтық қоғамның дамуына серпін берді.
Бүгінде осы тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл толып отырған уақытта Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде тұрақты даму, жаңару, әлеуметтік-экономикалық өркендеу жолын жалғастыруда. Елде әділетті қоғам құру, ұлттық мүддені қорғау, мемлекеттік институттарды нығайту, құқықтық жүйені жетілдіру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыру, ұлттық бірлікті сақтау, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық өсімді қолдау, білім беру мен мәдениетті дамыту шаралары жалғасып келеді. Осылайша, Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдануы – Қазақстанның тәуелсіздік пен дербестік жолындағы ең маңызды тарихи оқиғалардың бірі ретінде есте қалды, ал ел бүгінде осы құжатта көрсетілген қағидаттарды негізге ала отырып, ұрпақ үшін сенімді, дамыған, әділетті және бейбіт қоғам құру жолында сенімді қадамдар жасап келеді.




