Вторник, 6 октября, 2026
7.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ҚАЗАҚСТАН САДАҚШЫЛАРЫ ӘЛЕМ КУБОГЫНДА ТОП ЖАРДЫ

Қазақстандық садақшылар халықаралық деңгейдегі ең беделді жарыстардың бірі — Садақ атудан өткен Әлем кубогында тамаша нәтижеге қол жеткізіп, ел намысын абыроймен қорғады. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 2 900 ұпай жинап, бірінші орынды иеленді. Бұл жетістік — қазақстандық спортшылардың кәсіби шеберлігінің, жанкешті еңбегінің және спорт саласына жасалып жатқан жүйелі қолдаудың жарқын дәлелі.

Биылғы жарысқа 32 елдің үздік спортшылары қатысып, бақ сынады. Қарсыластарының арасында тәжірибелі әлем чемпиондары мен халықаралық деңгейдегі рекордшылар болғанына қарамастан, қазақстандық мергендер жоғары дайындық пен ерік-жігердің үлгісін көрсетті.

Мажар нысанасы (90 м) бойынша өткен командалық сында Қазақстан құрамасы алтын медаль жеңіп алды. Бұл сында еліміздің намысын қорғаған Мақсат Әбдікерімов пен Жәнібек Құлмырзаев өздерінің жоғары кәсіби деңгейін дәлелдеп, қарсыластарынан айқын басым түсті.

Ал Пута нысанасы (70 м) бойынша өткен жекелей жарыста Мақсат Әбдікерімов күміс медаль иеленсе, оның командаласы Жәнібек Құлмырзаев қола жүлдеге қол жеткізді. Сол нысана түрінен өткен командалық жарыста да Қазақстан құрамасы күміс медаль жеңіп алып, тұрақты жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Жамбы нысанасы (30 м) бойынша ерлер арасындағы жекелей сында Мақсат Әбдікерімов тағы да күміс жүлдеге ие болды. Осылайша, ол жарыстың ең тұрақты және нәтижелі спортшыларының бірі атанды.

Жалпы қорытынды бойынша Қазақстан құрамасы 2 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, 32 мемлекеттің ішінен топ жарды. Бұл — еліміздің садақ ату спорты тарихындағы жаңа белес.

Айта кету керек, жеңімпаздар қатарында Шымкент қаласының спортшыларының үлесі ерекше. Мақсат Әбдікерімов жарыста 2 күміс медаль жеңіп алса, Жәнібек Құлмырзаев жеке сайыста қола, командалық есепте 1 алтын және 1 күміс медаль иеленді. Шымкенттік спортшылардың бұл табысы – өңірде садақ ату спортының қарқынды дамып келе жатқанының айғағы.

Бүгінде Шымкент қаласында спорттық инфрақұрылым жаңарып, халықаралық деңгейде дайындық жүргізуге мүмкіндік беретін оқу-жаттығу базалары жұмыс істеуде. Мұндай жағдайлар жергілікті спортшылардың халықаралық аренада табысқа жетуіне жол ашып отыр.

Қазақстан құрамасының бұл жеңісі – ел спортының әлеуеті жоғары екенін және ұлттық команданың әлемдік аренада бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл табыс жас спортшыларға шабыт беріп, елімізде садақ ату спортының дамуына тың серпін әкелмек.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/mP9jccfb70g?si=stxI4OA3bx20rutd

#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар