Вторник, 6 октября, 2026
7.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІЛІМ БЕРУ КЕҢІСТІГІ ЖАҺАНДЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ҚАДАМ БАСУДА

Қазақстанның білім беру жүйесі соңғы жылдары түбегейлі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп, әлемдік білім кеңістігімен терең ықпалдасу жолына түсті. Бұл бағыттағы басты мақсат — ел жастарының халықаралық стандарттарға сай сапалы білім алуына жағдай жасау және Қазақстанды аймақтық білім беру орталығына айналдыру.

Осы мақсатта Мемлекет басшысының қатысуымен өткен білім және ғылым саласындағы стратегиялық серіктестердің халықаралық форумы ерекше маңызға ие болды. Форумға әлемнің жетекші университеттерінің өкілдері, халықаралық ұйымдар, білім және технология саласындағы сарапшылар қатысты. Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлттық және жаһандық білім беру экожүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған нақты шаралар туралы баяндама жасап, жаңа стратегиялық бағыттарды таныстырды.

Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу қарқынды жүріп жатыр. Жоспар бойынша алдағы жылдары Қазақстанда 40-қа жуық халықаралық университеттің филиалдары жұмыс істейтін болады. Бұл желінің 85 пайызы жоғары технологиялық және инженерлік бағыттарға — жасанды интеллект, компьютерлік және бағдарламалық инженерия, киберқауіпсіздік, жаратылыстану ғылымдары, биотехнология, ядролық физика және өзге де жоғары сұранысқа ие салаларға бағытталған. Мұндай қадам жастарға шетелге шықпай-ақ, әлемдік деңгейдегі сапалы білім алу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, бұл бастама ел экономикасына шетелдік инвестиция тартуға, ғылыми зерттеу жобаларын кеңейтуге және академиялық туризмді дамытуға зор серпін береді.

Қазіргі таңда Қазақстанда 31 500-ден астам шетелдік студент білім алуда. Бұл көрсеткіш – еліміздің жоғары білім тарихындағы жаңа белес. Ең маңыздысы, биыл алғаш рет Азия елдерінен келген студенттер саны ТМД мемлекеттерінен келген студенттер санынан асып түсті. Бұл — Қазақстанның білім беру жүйесіне деген сенімнің және халықаралық беделінің артқанын айғақтайды. Үкімет 2029 жылға қарай шетелдік студенттер санын 100 мыңға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл өз кезегінде елдің экономикалық дамуына, мәдени және ғылыми байланыстардың кеңеюіне үлкен үлес қоспақ.

Форум аясында тағы бір маңызды шешім — Стратегиялық серіктестер кеңесінің құрылуы болды. Бұл кеңес мемлекет пен жетекші шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы институционалдық ынтымақтастықты жүйелеуге және ортақ міндеттерді тиімді шешуге бағытталған. Кеңес аясында білім беру бағдарламаларын біріктіру, ғылыми зерттеу жобаларын іске асыру, оқытушылар мен студенттер алмасуын кеңейту мәселелері қарастырылуда. Бүгінгі күнге дейін Кеңестің үш отырысы өткізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілді.

Мұндай жүйелі жұмыстар Қазақстанның жоғары білім беру саласын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, елді Орталық Азиядағы білім және инновация орталығына айналдыруға жол ашуда.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар