
Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап
кітапханасында жазушы Нұрғали Рахайдың «Жүрегім менің – Ұлы Елім…» атты шығармашылық кеші болып өтті. Шара барысында жазушының «Алмауыт» және «Уақыт бағбаны» атты қос кітабының тұсауы кесілді. Кешке Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», «Парасат», «Құрмет» иегері Бекет Тұрғараев, Сайрам, Ордабаасы аудандарының әкімшілігінен Әбдіғаппар Мырзалиев, Барлыбай Қуандықов, Шымкент қаласының зиялы өкілдері Ш.Орынбай, С.Жанәбіл, Бахтияр Тайжан, Тұңғышбай Төрегелді, Нұрғали Әбділдә және тілшілер қатысты.
Іс-шараның мақсаты: Көрнекті жазушы Нұрғали Рахайдың жаңа туындыларын оқырманға ұсынып, кеңінен таныстыру. Автордың шығармашылық жолындағы ерекше белестері мен жаңа туындыларының өзектілігін талқылау. Оқырман қауымды кітап оқуға баулу.
Нұрғали Рахай – қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар көрнекті жазушы. Ол прозада терең ойлар мен сезімдерді жеткізе білетін шебер шығармашыл тұлға. Оның туындылары қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен өмірінің мән-мағынасына арналған. «Алмауыт» романы – адамның ішкі жан дүниесі мен қоғамның түрлі қайшылықтарын терең зерттеген көркем шығарма, ал, «Уақыт бағаны» кітабы – өмірдің мәні мен уақыт құндылығын философиялық тұрғыда ашатын әсерлі туынды.
Аталмыш кеш биік рухани деңгейде өтті. Кешті филология ғылымдарының кандидаты, кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова жылы лебізді құттықтау сөздерімен ашып берді. Бұл шара оның шығармашылығын құрметтеп, оқырман қауым мен әдебиет сүйер жұртшылықты біріктірген ерекше кеш болды. Қонақтар жазушының шығармашылық мұрасын талқылап, оның әдебиеттегі орны мен ықпалын талдады.
Жазушының немересі Құрбанғали Рахай өзінің жазып келген өлеңін оқып, әнші, сазгер Айзада Бекенқызы ән шырқады.
Кеш соңында Нұрғали Рахайдың өзі сөз алып, жиналған көпшілікке алғысын айтып, кітапханаға өз туындыларын тарту етті.




